Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарағанды облысында бірнеше өзен арнасынан асып, елді мекендерді су басты

Қарағанды облысында бірнеше өзен арнасынан асып, елді мекендерді су басты

Қардың тез еруіне байланысты Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданындағы Шерубайнұра, Нұра, Құндызды өзені арнасынан асып, айналасына жайылған.Наурыздың 30-ы күні түстен кейін Бұқар жырау ауданындағы Сарытөбе ауылына су кіре бастағаны туралы хабар жетті.
“Ауылымызға су келді, бұрылыста ағып жатыр, кейбір аулалардың ішіне кіріп те үлгерген. Бірнеше үйді су басуға аз қалды. Адамдарды қауіптен құтқару үшін қандай шаралар қолданады – әзірге белгісіз. Қазір оқиға орнына полиция келді” деді Азаттыққа Сарытөбе ауылының тұрғыны Игорь Скурихин.
"Қарағанды Онлайн" сайты Facebook-тағы парақшасында Қарағандыдағы Федоров су қоймасы маңындағы саяжайларды да су басқаны туралы видео жариялады.
Шет ауданындағы Қызылқой ауылында кеше 9 үйді су басып қалған. Ресми дерек бойынша,16 адам эвакуацияланған. Олар туған-туыстарының үйін паналаған.
Облыстық төтенше жағдай жөніндегі департамент дерегі бойынша, қазір онда су бөгейтін қабырғаны мықтылап бекіту мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Бұған қоса Талды өзенінің арнасын мамандар бақылауға алған. Тұрғындарды сақ болуға шақырған.
Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданында соңғы жылдары су тасқыны жиілеген. Оның зардабын көрген кейбір тұрғындар Азаттық тілшісіне биыл селге алдын ала дайындалып, су келіп қалған жағдайда тез кетіп қалатындай құжаттары мен құнды заттарын әзірлеп қойғанын айтты. Кейбірі тұрғындар үйлерін тастап та кеткен немесе балаларын алыстағы туған-туысқандарына апарып қойған.
“Қабылданған шаралардың көмегімен Жаңаарқа ауданының Орынбай және Атасу елді мекендеріндегі және Абай ауданының Құлайғыр ауылындағы су деңгейі толығымен төмендеді. Сонымен бірге Шет ауданының Көктенкөл станциясында су деңгейінің төмендегені байқалады" делінген облыстық төтенше жағдай департаментінің таратқан хабарламасында.
alashainasy.kz
31 наурыз 2019 ж. 1 194 0