Жеті рет өлшеп, бір рет кес – Мархабат Жайымбетов

«Қоғамда қосылған құнға салынатын салыққа қатысты (ҚҚС) мәселе туындап, біраз талқыға түсіп жатыр. Осы орайда айтпағым «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген дана халқымыздың қағидасын ұстанған жөн», деді депутат.
Еске салайық, аталған кездесуде Президент мемлекет үшін және әрбір азамат үшін маңызды кез келген шешімдер бизнеспен, сарапшылармен және депутаттармен талқыланғаннан кейін ғана қабылдануы тиіс екенін түсіндіргені мәлім.
«Экономиканы, бизнесті және азаматтарды қолдау үшін өз ұсыныстарын ұсынған сарапшылар да Мемлекет басшысының көзқарасымен толықтай келіседі», деді Мәжілісмен.
Депутат бұндай күрделі кезеңде реформаны қалай жүргізу керектігіне де тоқталды.
«Әрине, осындай қым-қуыт, алмағайып кезеңде жайбарақаттық болмайды. Бірақ, аптықпаған дұрыс. Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, егжей-тегжейлі електен өткізіп, саралап, байыппен жүргізген жөн», деді Мәжіліс депутаты.
М.Жайымбетовтің пікірінше бұл тұста Мемлекет басшысы атағандай, барынша оңтайлы шешім қажет.
«Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет», деп түйіндеді депутат.
Фото: egemen.kz