Наурыз айындағы мерекелер Қызылордада қалай тойланады?

Көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс айту күні - биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуымен қатар келіп отыр.
- «Бірлік пен ынтымақтастыққа 30 жыл» айдарымен біз қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің мызғымас бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін одан әрі ұлықтауымыз қажет. Мерекелік іс-шаралар 25 ақпан – 2 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Апта көлемінде облыс бойынша 200-ге жуық кешенді іс-шаралар облыс орталығымен қатар, аудандарда және барлық елді мекендерде өткізіледі. Негізгі іс-шаралар 1 наурыз күні Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған тақтаның ашылу салтанатынан бастау алады. Одан әрі аймақ басшысының қатысуымен салаттанатты іс-шара, гүл шоқтарын қою рәсімі, «Қайырымдылық қоржыны» акциясы ұйымдастырылады, - деді облыс әкімінің орынбасары.
8-наурыз Халықаралық әйелдер күнін мерекелеудің қалыптасқан дәстүрі аясында облыс көлемінде 173 іс-шара өткізілмек. Жұмысшы мамандықтарға басымдық беріле отырып, барлығы 50-ге жуық нәзік жандар қатысатын аймақ басшысының мерекелік қабылдауы 7 наурызға белгіленген.
Былтырдан бері елімізде «Наурыз мейрамын атап өтудің тұжырымдамасы» қабылданған. Соған сәйкес Наурызнама онкүндігі 14-23 наурыз аралығында өтеді. 

- Биыл да Наурызнама онкүдігінде әр күнге арнайы тақырыптар бекітілді. Осы бағытта облыс көлемінде 103 іс-шара жоспарланса, оның 38-і облыстық деңгейде өткізіледі. 14 наурыз – «Көрісу күні - Амал мерекесі» атап өтуден «Наурыз» мейрамын тойлау бастау алады. 15 наурыз – «Қайырымдылық күні», 16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», 17 наурыз – «Шаңырақ күні», 18 наурыз – «Ұлттық киім күні», 19 наурыз – «Жаңару күні», 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», 21 наурыз – «Ынтымақ күні», 22 наурыз – «Жыл басы», 23 наурыз – «Тазару күні» наурызнаманың қорытынды күні жалпыұлттық экологиялық акция ұйымдастырылып, «Тазалық эстафетасы» басталады, - деді облыс әкімінің орынбасары.
