Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Наурыз – татулық айы

Наурыз – татулық айы

         Басқа халықты қайдам, Наурыз айы - қазақ үшін нағыз қуанышты айдың бірі. Бұл ай табиғаттың дүр сілкініп оянатын көктемнің алғашқы хабаршысы болуымен қатар, біздің ел үшін халықтар достығының белгісі іспетті.
         
     Атап айтар болсақ, 2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні - 1 наурызды елімізде «Алғыс айту» күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын. «Алғыс айту» күні - күрделі кезеңде қиындықты иық тіресе  бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында  аянбай тер төккен еліміздің барлық азматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні.
        Демек, бұл күн ұлттардың бір-біріне алғыс айтып, ынтымағын жарастырса, 8 Наурыз - еліміздегі  ер азаматтар мен әйелдер арасындағы сыйластықты одан әрі нығайтуға  дәнекер болар күн.
        Одан әрі 14 Наурыз қазақ халқының қыстан аман-есен шыққан күнін тойлайтын «Көрісу» күніне ұласады. Бұрын еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталып қалған қазақтың бұл ұлыс күні бүгінде еліміздің барлық өңірінде, барлық халқына ортақ қуанышты күн болып есептелінеді. Бұл аралықта орыстың «Масленица» күнін де еліміздің барша халқы ортақ тойлап, ұлттар арасын  жақындата түсті.
Соңғы кезеңде ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан бастап, 25 наурыз аралығына дейін тойлауды қолға алып жатқан көріністер байқалып жатыр.  Бұл дегеніміз-ұлан байтақ еліміздің барлық өңірінде  ұлыстың ұлы күні  Наурызды ауа райына тәуелді етпей, лайықты тойлауға зор мүмкіндік туғызып отыр.
         Олай  болса, Нурыз айы Қазақстандықтар үшін нағыз татулық айы деуге толық негіз бар. Ендеше, барша Қазақстан халқын «Наурыз-татулық айымен» құттықтаймын!
Өмірбайқызы Жазира,
Қамыстыбас ауылы, Арал ауданы
07 наурыз 2020 ж. 2 137 0