Аралдықтар Ұлыстың Ұлы күнінде салт-дәстүрлерді ұлықтады

«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен жүзеге асқан Сыр өңіріндегі байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың маңызы зор. Былтыр осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд теңге болған облыс бюджетін 750 млрд теңгеден асырдық. Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Сәулеті мен сәні келіскен жаңа ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне табысталды. Жергілікті кәсіпкерлер, осы елден шыққан меценаттар, туған жерін түлетіп, көркейтуге бар күш-жігерін салып, демеушілік көрсетті, белсенділік танытты. Алдағы уақытта да бекем бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында өңіріміздің экономикасын тұрақты дамытатын, елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстарымен, жаңалықтарымен келсін! Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың келешегі кемел болсын деп тілеймін!», - деді Н.Нәлібаев.
Мерекелік шарада "Жұмысшы мамандықтар жылына" орай, Арал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Биғали Қаюпов батасын берді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі