Ауданда тазалық және тал егу акциялары өтті

Мерекеге орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауданда кең көлемде жүзеге асырылды.
Акция аясында қалаға кіре беріс аймақтар, көшелер, қоғамдық орындар ретсіз тасталған заттардан тазартылды. Жиналған қоқыстарды шығаруға техникалар жұмылдырлса, жол жиегіндегі бордюрлер топырақтан тазартылды.
Көше бойындағы бағаналар, әлеуметтік нысандардың, мекеме ғимараттарының қасбеттеріне, аллеялар мен скверлерге, демалыс орындарына әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Арал қаласы бойынша бөлінген 8 секторда қызу жүргізілген тазалық жұмыстары одан әрі қала сыртындағы арнайы аймаққа тал егу акциясымен ұштасты.
Бұл ауқымды акцияға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев бастаған аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, қаланың жасыл желекке орнауына өз үлестерін қосты. 

Белгіленген аумаққа ауданның табиғатына бейім жалпы саны 300-дің үстінде қара тал, үйеңкі ағаштары отырғызылды. Жас өскіндер алдағы уақытта тамшылатып суару әдісі арқылы өсірілетін болады.
Аудан әкімі мұндай бастаманы бұдан былай бір реттік науқан емес, жауапты жұмыс ретінде қарау керек екенін айтты. Егілген ағаштардың барлығына тұрақты бақылау жүргізіп тұру керектігін жеткізіп, осы жұмыстарды тікелей бақылауда ұстайтынын жауаптыларға ескертті.
Күн жылына аудан аумағында мұндай тал егу акциялары қарқынды қолға алынатын болады.


Фото: Арал ауданы әкімдігі