Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ: "МҰНДАЙ ОЗБЫРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК..."

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ: "МҰНДАЙ ОЗБЫРЛЫҚПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК..."

«Nur Otan» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес Түркістанда балалардың өгей анадан зорлық-зомбылық көру оқиғасының мән-жайын анықтауға кірісті. Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Фесбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Түркістан облысындағы сұмдық оқиғаны естігенде қиналмаған адам болмаған шығар. Бейкүнә сәбилердің мұншалықты қорлық көруі айтуға ауыз бармайтын адамшылыққа жат көріністер. Сондықтан «Nur Otan» партиясы бұл оқиғаны дереу назарға алып, қажетті шараларды бастады», - деді М.Әшімбаев.
Оның атап өтуінше, партия жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес шұғыл іске кірісіп, мән-жайды анықтау жұмыстарын бастап кетті. Кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиеваға және партияның облыстық филиалына тиісті тапсырмалар берілді.
«Қажет болса партия тергеу жұмыстарына да көмектесуге дайын. Біз кінәлінің заң аясында жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қолға аламыз. Жалпы мұндай озбырлықпен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Сондықтан әр азамат осындай оқиғаларға бей-жай қарамай өз үнін қосса деймін. Бала құқығын таптап, елдің болашағын тұншықтыруға ешкімнің құқығы жоқ. Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан партия бұл істі аяқсыз қалдырмай, соңына дейін қатаң қоғамдық бақылауда ұстайды», - деп атап өтеді ол.
Бұған дейін Жетісай ауданында өгей шеше қыздарына қорлық көрсеткен бейнежазба тарағанын хабарлаған едік.
Осыдан кейін Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты тергеу шаралары басталғанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та бұл мәселені өз бақылауына алғаны белгілі болды.  
ult.kz
17 сәуір 2019 ж. 1 141 0