Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Taza Qazaqstan»: «AMANAT» партиясы Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета бастады

«Taza Qazaqstan»: «AMANAT» партиясы Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета бастады

Бүгін Алматы облысы Тарғап ауылы тұсындағы кемпинг-алаңда ауқымды экологиялық бастама – «Taza Qazaqstan» road-эстафетасының ашылу салтанаты өтті. Бір аптаға жалғасатын ауқымды іс-шара барысында қатысушылар Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары арқылы мың шақырымнан астам жолды еңсереді. Жобаға «Жастар Рухы» жастар қанатының мыңдаған белсендісі мен жергілікті тұрғындар атсалысады. Акцияның басты мақсаты – қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраға құрметпен қарау және азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыру.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өз сөзінде жаһандық ғылыми қауымдастық ондаған жылдан бері климаттың өзгеруі, су тапшылығы, ауаның ластануы, орман өрті, топырақтың құнарсыздануы сияқты экологиялық апат қаупі туралы дабыл қағып келе жатқанын атап өтті. Алайда қоршаған ортаны қорғауда тек мемлекет күшінің жеткіліксіз екені айқын, бұл – әрбір азаматтың міндеті. Сондықтан «AMANAT» партиясы road-эстафета арқылы әр қазақстандықтың табиғат пен тарихи мұраны қорғауға үлес қоса алатынын, ал бірлесіп әрекет етсек, экологиялық апаттың алдын алып, елді болашақ ұрпақ үшін жасыл әрі қауіпсіз етіп сақтай алатынымызды көрсетеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» бұл – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз, сондықтан тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Осы сөздер біздің идеялық тұғырнамамызға айналды. Қоғамда табиғатқа, тарих пен мәдениетке, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау әдетін орнықтыру қажет. Жастардың бойына нағыз экологиялық патриотизмді сіңіріп, жауапты мінез-құлық қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз», – деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эстафета аясында тек қоқыс жинау ғана емес, депутаттардың халықпен кездесулері, жастарға арналған open-air іс-шаралары, қоғамдық қабылдаулар және таза ауада «Чемпиондық рух» жаттығулары өтеді. Сонымен қатар «Вандализмге жол жоқ!» жобасы шеңберінде «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешені, «Ақыртас» сарай кешені, «Бірлік» монументі және ежелгі Сауран қалашығы сияқты тарихи нысандар тазартылып, абаттандырылады. Осылайша road-эстафета табиғатты қорғау, мәдени мұраны сақтау және экологиялық патриотизмді қалыптастыру міндеттерін тоғыстырады.
«Бұған қоса, акциямыз мәдени-ағартушылық миссиясын да атқарады. Жастар мұндай жұмыстар арқылы тарихты тереңірек танып қана қоймай, табиғат пен мәдени мұраға құрметпен қарауды үйренеді. Себебі кез келген ескерткішті бүлдіру – халықтың тарихи жадына қастандық жасаумен тең. Осыдан екі жыл бұрын «Жастар Рухы» жастар қанаты вандализмге қарсы қоғамдық петицияны қолдаған болатын. Кейін сол бастама вандализмге қарсы жауапкершілікті күшейтетін заңның негізіне айналып, оған өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойды», – деді «Жастар Рухы» төрағасы АқеркеИскандерова.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Никита Шаталов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық эстафетаның қоғамдық маңызына тоқталды.
«Бұл эстафетаға депутаттар да, жастар да, волонтерлер мен жергілікті қауым өкілдері де бірдей атсалысуда. Барлығының мақсаты – табиғаттың тазалығын сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау. Осындай игі бастамалар жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ел ішінде патриотизм мен ауызбіршілікті арттыра түседі. Бұл – әрбір азаматты елдің келешегіне жауапкершілікпен қарауға үндейтін қозғалыс», – деді халық қалаулысы.
Акция аясында белсенділер мен волонтерлер жол жиегін, автотұрақтар мен кемпинг аумақтарын тазалайды. Жұмыс квадрокоптерлер арқылы жүргізілген аэробарлау деректеріне сүйене отырып ұйымдастырылады. Жиналған қоқыс полигондарға жеткізіледі.
«Қазақстан – ұлан-ғайыр даласы бар, табиғаты әр алуан мемлекет. Кең байтақ жері мен қайталанбас табиғатымен таңғалдыратын ел. Бірақ осынау кең көсілген байтақ жерімізде қоқыс үйінділері көзге түсіп, әсем табиғаттың ажарын кетіріп жатады. Өткен жылы «Жастар Рухы» жастар қанатының 2 мыңнан астам белсендісі мен жақтастары Астанадан Алматыға дейінгі 1200 шақырымдық жолды жүріп өтіп, 100 тонна қоқыс жинады. Биылғы міндет – тек қоқыс жинап қана қоймай, оны сұрыптап, елдің экологиялық мәдениетін дамытуға үлес қосу. Бұл игі іске әр қазақстандық үлес қоса алады. Республикамызды бірге таза әрі жайлы мекенге айналдырайық», – деді «Қоғамды экологиялық дамыту орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Танир Ясса.
Айта кетейік, «Таза бейсенбі» акциясы аясында «AMANAT» партиясының мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділері бір жарым жылға жетпейтін уақытта 1000-нан астам ластанған аумақты тазартып, абаттандырды. Іс-шараларға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Экологиялық мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы маңызды басымдықтардың бірі. 2027 жылға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 36%-ға дейін арттыру, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаш көліне тұрақты су ағынын қамтамасыз ету, ауа сапасының индексін енгізу, кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын 40%-ға дейін төмендету, сондай-ақ 14 жаңа су қоймасын салу және қолданыстағы 16 қойманы қайта жаңғырту жоспарланған.

30 қыркүйек 2025 ж. 174 0