Ұлылықтың басында ұстаз тұрар мәңгілік

Көңілдері шат, жүздері жадыраңқы ұстаздар қауымының мереке қарсаңындағы шуақты шарасы көптеген жанның көңіл сарайын гүлдендірді. Ұлт ұстасына айналған ұстаздар қауымының құрметіне орай өткен салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, ең алдымен мәдениет үйінің кіре берісінде орналасқан ауданның өнерлі ұстаздары мен оқушыларының жұмысымен танысты. Үздік жетістіктердің тізімінде 3 ұстаз бен 8 оқушының және Оқушылар үйі шәкірттерінің жұмысы қойылды.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, білім саласындағы айтулы жетістіктерге кеңінен тоқталып өтті. 

– Құрметті ұстаздар, қадірлі сала ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын. Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамда және барлық кезеңде ұстаздың даңқы еш төмендеген емес. Ұлт болашағының қамын ойлаған Хан Абылай «Ендігі заман білектінің емес, біліктінің заманы», деп 3 ғасыр бұрын білімге басымдық берген болса, ұлы Абай «Білімнің жолына малды да, жанды да аяма» деп насихат қылды. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың пайымын ой таразысына салар болсақ, мұғалім ұлттың ұйытқысы екенін ұғамыз. Мұқым елдің ақыны мен батыры, ғалымы мен данасы да ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаздың дәрісінен тәлім алады. Біз сол үшін де «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөзді қадір тұтамыз. Білім беру саласы мемлекеттің басты назарында. Себебі баланың бүгініне салынған инвестиция ертең еселеп қайтарын өмір тәжірибесі айқындаған. Тәуелсіз ел болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие берудегі жасампаз еңбектеріңіз әрқашан нәтижелі болып, абыройларыңыз асқақтай берсін! Шығармашылықтарыңызға толағай табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін! – деді Аманжол Сақыпұлы.
Бүгінгі кеште мектепке жан кіргізер жақсы ұстаздар мен тәжірибелі мамандар марапат төрінен көрінді. Аудан ұстаздары бұл жолы облыстың ең жоғарғы марапаты Құрмет грамотасына ие болса, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасын алған ұстаздар да бар. Сонымен қатар облыс, аудан әкімінің Алғысымен бірқатар ұстаздар марапатталды. Бұл шарада №58 орта мектебінің зейнеткер ұстазы Ә.Имағанбетов Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Мереке қарсаңында ұстаздар қауымына аудан әкімінің ықылас гүлі тарту етіліп, шара одан әрі аудан өнерпаздары мен мектеп мұғалімдерінің және өнерлі шәкірттердің ән-жырына ұласты.
Мерекелік кеште өнер көрсеткен барша өнерпаздар көпшіліктің ерекше құрметіне бөленді.





Аудан әкімінің баспасөз қызметі