Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

Бүгін ұстаздар қауымының төл мерекесі. Қай ортада болмасын мемлекеттің мерейін өсіріп, мәртебесін арттыратын адам болса, сол адамды маман етіп шығаратын, шынықтыратын мектеп. Ал, мектеп – білім мен тәрбиенің тал бесігі. Осы бесікті тербетіп, ақылын аямайтын, шәкіртін аялайтын бірден бір тұлға «ұстаз» екендігі сөзсіз.
Осы орайда, Орталық алаңда Ұстаздар күні мерекесі кең көлемде аталып өтті. «Ұстаз – Ұлы есім» атты салтанатты шарада аудан әкімі М.Оразбаев ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүрген ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді.
Мереке аясында еңбегімен еленген, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар аудан ұстаздары ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғысымен», сондай-ақ, облыс әкімінің, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының, аудан әкімінің және Облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» және «Алғысымен» марапатталды.
Ұлағатты ұстаздар қауымын ұлықтау рәсімі одан әрі аудандағы дәстүрлі пән олимпиадасына қатысушы мұғалімдерді марапаттауға ұласты. Үстіміздегі оқу жылында олимпиада «география» пәні бойынша ұйымдастырылып, білім додасында аудандағы 79 ұстаз бақ сынады.
Ұстаздар күні қарсаңында Арал ауданы әкімдігінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған олимпиада қорытындысы бойынша №220 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Дариха Ақжолова бас жүлдегер атанып, жеңімпаз ұстазға бір миллион теңге табыс етілді. Сондай-ақ, арнайы номинация иегерлері мен жүлделі орын алған ұстаздар арнайы сыйақыға ие болды.Айта кету керек, биылғы олимпиада жеңімпаздарының жүлде қоры аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асты.
Мұғалімдер күніне арналған мерейлі мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
06 қазан 2019 ж. 1 988 0