Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар мерейлі Ұстаздар күнін атап өтті

Аралдықтар мерейлі Ұстаздар күнін атап өтті

Дүниeдегі мaмандық атаулының төрeсі - ұстaздық. Өйткені, мұғaлім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді.

Кеше осынау абыройлы мамандықтың тұтқасын ұстаған ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде «Арманға қанат қақтырған...» атты салтанатты шара өткізілді. Ұлағатты ұстаздарды ұлықтауға арналған шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, мұғалімдерді мерейлі мерекемен құттықтады.

- Биыл қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Осы ретте, ұстаздар қауымының егемен еліміздің ұлы құндылығын көздің қарашығындай сақтап , Тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне қызмет етер ұрпақты қалыптастырудағы үлесі орасан зор. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында өңірімізден алда талай елін сүйетін, білімді жас ортаға қосыларына кәміл сенеміз. Бүгінде ауданымыздың білім ошағында 2582 педагог және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 528 педагог шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, еңбек етіп келеді. Биылғы жаңа оқу жылында абырой жүгін арқалаған ұстаздар қатары 76 жас маманмен толығып, мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстады. Соның ішінде республикалық және облыстық деңгейдегі кәсіби байқаулардан биыл 85 мұғалім жүлделі орындардан көрінді. Тәуелсіз еліміздің игілігі жолында кәсіби шеберліктеріңізді кәдеге жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілектеспін,- деген аудан басшысы, ұстаздарға ақжарма лебізін жолдап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Мереке аясында еңбегімен еленген, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірқатар аудан ұстаздары облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлағатты ұстаздарды ұлықтау рәсімі одан әрі «Үздік білім ордасы-2021» аудандық дәстүрлі байқауының жеңімпазын марапаттауға ұласты. Шара барысында «Үздік білім ордасы-2021» байқауының жеңімпазы болған Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің директоры Шара Бекееваға 500 мың теңге көлеміндегі арнайы сертификат табыс етілді.

Сонымен қатар салтанатты шарада аудан әкімі білім саласында 41 жыл қызмет атқарған «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісің иегері Бекболат Садуақасовты құрметті зейнет демалысына шығуымен құттықтап, дәстүрге сай шапан жауып, арнайы сый-сияпат табыстады.

Ұрпақ тәрбиесіне бар саналы ғұмырын арнап жүрген ұстаздар қауымының құрметіне арналған салтанатты шара айдынды өлкенің талантты ұстаздары мен шәкірттерінің және аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды.













Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

06 қазан 2021 ж. 368 0