Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаздар құрмет төрінде

Ұлағатты ұстаздар құрмет төрінде

Бүгін мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Ұстаз деген – жарық күні ғаламның» атты салтанатты шара өткізілді. Мұғалімдердің төл мерекесіне арналған басқосуға аудан әкімі М.Оразбаев, аудандық «NurOtan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов, білім саласына жауапты аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова және кейбір білім беру ұйымдарының директорлары мен ұстаздарЫ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аудан ұстаздарының басын қосқан мерекелік шара шымылдығы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың мерекелік лебізімен түрілді. Бейнеконференциялық байланыс арқылы барша өңір ұстаздарын құттықтаған облыс әкімі ұстаздар қауымының қастерлі қызметтеріне сәттілік, еңбектеріне табыс тіледі.
Одан әрі ұстаздардың мерейлі мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шарада сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев:
- «Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздарын ешқашан ұмытпайды. Себебі, Сіздер – жастардың болашағын айқындайсыздар, бүгін еккен дәндеріңіз ертеңгі жеңісті - жемісті күннің кепілі. Осы қадір – қасиетімен Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырып келеді» - дей келе аудандағы білім саласында қол жеткізілген жетістіктерді тілге тиек етіп, ұстаздар қауымының елеулі еңбегіне тоқталып өтті.
Салтанатты шара барысында аудан басшысы білім беру саласына еңбегі сіңген, кәсіби шеберлігімен дараланған ұлағатты ұстаздарға облыс және аудан әкімінің алғысын табыстап, мұғалімдерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Аудан әкімінің сыйақысына арналған байқауда №220 орта мектебі «Үздік білім ордасы» номинациясын, №13 мектептің мұғалімі Жібек Досжанова «Үздік тәлімгер ұстаз» номинациясын және №73 мектеп мұғалімі Болатбек Сайлыбаев «Үздік жас маман» номинациясын жеңіп алды. Жеңімпаз ұстаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталды.
Атап өткен жөн, ауданымызда қазіргі күні жас ұрпақты білім нәрімен жетілдіру жолында 2425 мұғалім еңбек етуде. Олардың бірі облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіби сайыстардан жүлделі орындардан көрінсе, енді бірінің шәкірттері түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға қарамастан ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білім беру бағытында инновациялық технологияларды ендіріп, үнемі кәсіби шеберліктерін дәлелдеп келеді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 




02 қазан 2020 ж. 864 0