Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда кәсіпкерлік саласы қанат жайып келеді

Ауданда кәсіпкерлік саласы қанат жайып келеді

Аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Бұрын жалақымен жан бағып келген тұрғындар бүгінде кәсіпкерліктің қыр-сырына терең бойлап, өз істерін ашуға бет бұрған. Қолынан іс келетін азаматтар кәсіптің көзін тауып, табысқа жетуде.

Мұндай азаматтарға мемлекет тарапынан да зор қолдау көрсетілуде. Осы бағытта жұмыс істейтін аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы азаматтарды кәсіпкерлікке баулып, нақты көмек көрсетуде. Нәтижесінде сала көрсеткіштері де айтарлықтай өсімге ие болды.

Биылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 984 бірлікті құрады. Бұл – кәсіпкерлікке деген оң көзқарастың айқын дәлелі. Оның ішінде 4 815 субъект белсенді жұмыс істеп тұр, бұл тіркелгендердің 96,6 пайызына тең.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласында 7 462 адам жұмыспен қамтылған. Осы сектор бойынша 12,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,1 пайызға өсім байқалды.

Бөлшек және көтерме сауда көлемі де жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар–тамыз айларында аудандағы сауда айналымы 23,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға артты.

Өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласында да тұрақты өсім бар. Атап айтқанда, аудан кәсіпорындары 23,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайыздық өсімге қол жеткізген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 15,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 11,5 пайызға өсім тіркелді.

Ауданда кәсіпкерлік инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа өндірістік аймақтар құру, жас кәсіпкерлерге арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыру және салаға цифрлық жүйелерді енгізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде аудан кәсіпкерлігінің даму бағыты айқын. Басты мақсат жергілікті экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың табысын арттыру.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

07 қазан 2025 ж. 71 0