Сыр өңірінде республикалық ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысы өтті
Қызылорда қаласында ел тарихындағы екі маңызды мерейлі белес — Қызылорданың астана болғанына 100 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.
Конференция аясында республикалық ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысы өткізілді.
Мазмұнды шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Отырысты республикалық ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Майнұр Бөрібаева жүргізді.
Кеңес жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, республикалық ғылыми-сарапшылық кеңестің төрағасы Айгүл Сәдуақасова қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Өз сөзінде ол жастарды этносаралық қатынастар саласына белсенді тарту, жаңа цифрлық ортада сарапшылық қызметті жандандыру және жас ғалымдардың ғылыми кеңес жұмысына қосылуының маңызын атап өтті. Сондай-ақ этнодемографиялық және этнодинамикалық үрдістерді зерттеу, ғылыми жобалар арқылы қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы бастамаларға тоқталды.
Айгүл Кәкімбекқызы кеңестің ұлт қалыптастыру ісіндегі ғылыми негізге сүйенген бастамалары мен қоғам дамуына қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтіп, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізді.
Мұнан соң Қызылорда облыстық ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айтжан Оразбақов сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай және жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Ол өз баяндамасында облыстық кеңестің бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеу бағытында жүзеге асырған жобалары мен ғылыми-сараптамалық қызметтің негізгі нәтижелерін атап өтті.
Кеңес барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Сейдулла Садықов, сондай-ақ Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті» директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Шымкент қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі Қайрат Анарбаев өз өңірлеріндегі кеңестің жұмысы туралы баяндама жасады.
Шара соңында Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов сөз сөйлеп, конференция жұмысына табыс тіледі.
Кеңес отырысының қорытындысында өңірлік ғылыми-сарапшылық топтың белсенді мүшелері Қуаныш Жарекеев, Дәулет Омаров және Мәдина Жүсіпбекова Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың Алғыс хатымен марапатталды.
syrboyi.kz