Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бекболат Тілеухан: Бір дәуреннің өткенін сезініп жыладым...

Бекболат Тілеухан: Бір дәуреннің өткенін сезініп жыладым...

30 жыл бойы биліктің биік шыңында жүргенде мығым мінезінен бір таймаған Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" съезі аяқталар сәтте ерекше толқып, көз жасына ерік берді. Елбасының бір сәттік эмоциясын бүкіл әлеуметтік желі лезде іліп әкетті. Үнемі өзін жинақы ұстайтын Тұңғыш Президенттің бұл жолы көңілі неге босады? Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасының дерегіне сүйеніп хабарлайды. 
Бір ай бұрын төгілген көз жасы. Елбасы Президенттік өкілеттігін тоқтатамын дегенде шығып еді. Басқаны қайдам, кей депутаттың көңілі босап, кемсеңдегені қоғамда қызу сөз болған еді.
Ал күні кеше өткен «Nur Otan» партиясының съезінде Елбасының қатты толқып, көз жасына ерік беріп, көңілі босағанын көрдік.
Бір сәте көз жасына ерік берген лидерлер бұған дейін де болған. Мәселен, Американың бұрынғы президенті журналистер алдында эмоциясын тыя алмаса, Ресей басшысы Путин сайлауда жеңіске жеткенде тамағына өксік тығылып, көзінен жас парлаған еді. 
Психолог мамандардың пікірінше,  бұған атқарылған қызметтің әсері зор. Себебі, ел басқарып отырған адам өзін темірдей мығым ұстай алмаса халық сенуден қалатынын айтады. Ал, саясаттан алшақтамаса да, атқарған еңбегінің жемісін көріп, біраз жүгі жеңілдеген адамның эмоцияға берілуі заңды құбылыс дейді. 
«Егер сезімін білдіре берсе,  қобалжыса, ренжісе, жыласа , онда халық оған сенімсіздікпен қарайды. Өйткені билік басында отырған адам халықтың сенімін ұялату үшін ол бар эмоциясын сыртқа көрсетпейді. Соншама іште ұстаған бастан кешулерін, сезімдерін мүмкін осы бір қимастық сезімімен сыртқа шығарған да болуы мүмкін», - дейді психолог Гүлзира Ақынбек.
Тарихшылардың да пайымы осыған жақын. Бірақ дағдарыстан алып шығып, елдің еңсесін көтердім, мақсатыма жеттім,- деп қуаныштан жылауы да мүмкін дейді. 
«Сонау 91-ші жылдары «Мен өз халқыма алтын тауларды уәде бере алмаймын, бір-екі айдың ішінде өміріміз жақсарып қалады деп уәде бере алмаймын, бірақ өз халқым үшін басымды тігуге дайынмын»деген уәдесінен. Бұл өзінің еңбегін толығымен өзінің өмірін Қазақстанның болашағы үшін төккен адамның сондай бір көңілінің белгісі. Бұл әр адамның қолынан келе бермейді», дейді тарих ғылымының кандидаты Ботагөз Қайыпова.
90-шы жылдардың басы еді. Телеарналардан Нұрсұлтан Назарбаев сөзін, Бекболат Тілеухан әнін жазған туынды көрсетіле бастайды. Дәл осы ән шырқалғанда Елбасы көзіне жас алады екен. Мұны әннің авторы айтып отыр.
«Бұл бірінші рет емес, ең бірінші осы әнді 1996 жылдың 8 майында Алатаудың бауырында бір шатқалда тұрып естігені бар-тұғын. Сонда бірінші естігенде, осы өлеңді әнімен естігенде көзіне жас келген Елбасымыздың. Одан кейн бірнеше жиналыстарда, концерттерде болған кезде елге қарап отырған жоқ, сахнаға қарап отырған кезде де толқыған, мен куә болдым», - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.
Бекболат Тілеухан «Өзім бір дәуреннің өткенін сезініп жыладым»  десе, Елбасы бір шеті саясаткер, бір шеті шығармашыл адам болған соң көзіне жас алды деп отыр.
«Лауазымын босатып берген кезде де айтты «Қазақстан сендерге аманат»,- деп, «сендерге тапсырдым»,- деп. Сонда Тәуелсіздіктің қадірін біреу білсе, ол Назарбаев біледі. Ол толқудың себебін ел-жұрт түсінуге тиісті. Бұл бір жағынан шығармашылыққа жақын адам болғаннан кейін, оның жүрегінің жұмсақтығының өзінде де қазақтың сипаты жатыр», - дейді Бекболат Тілеухан.
Қалай дегенімен, 23 сәуірде болған жиын көптің есінде әлі ұзаққа сақталатын тәрізді. Көбіне оны дәл осы, эмоцияға толы кадрмен байланыстыратына күмән жоқ.
www.qamshy.kz
25 сәуір 2019 ж. 1 030 0