Республика күнінде бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді
Kyzylorda-news.kz Республика күні Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында жаңа мектептер пайдалануға берілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Алматы қаласында бірден төрт жаңа форматтағы мектеп есігін айқара ашты. Солардың бірі Медеу ауданындағы 2000 оқушыға арналған №220 мектеп. Жаңа ғимарат өз микроауданы бойынша оқушы орны тапшылығын толық жойды. Мектепте 83 оқу кабинеті, 4 спорт залы, кітапхана, асхана және коворкинг аймақтары бар.
Жамбыл облысында Қарасу және Қаракемер ауылдарында екі жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Солардың бірінде 28 оқу кабинеті, конференц-зал, STEM-зертханалар, робототехника кабинеті, коворкинг орталығы, сондай-ақ 3 шеберхана мен 3 ғылыми зертхана қарастырылған.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында 900 орындық 11-ші мектеп ашылды. Онда 45 оқу кабинеті заманауи интерактивті тақталармен жабдықталған.
Сондай-ақ Түркістан облысының Сауран ауданында мереке қарсаңында "Келешек мектептері"" ұлттық жобасы шеңберінде №5 мектеп пайдалануға берілді. Мектепте жаңа үлгідегі кабинеттер, STEM-зертханалар, 3 шеберхана, коворкинг аймақтары, демалыс және ойын алаңдары, спорттық залдар, асхана, кітапхана және акт залы бар. Қазіргі таңда өңірде алты мектептің құрылысы жүруде.










