Білім министрі өзін алаңдатып отырған мәселеге үкіметтен қолдау көрсетуді сұрады

"Жатақхана құрылысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан облыстарында жұмыс қарқыны төмен. Мемлекеттік оқу орындарымен салыстырғанда, жекеменшік мекемелердің белсенділігі әлдеқайда жоғары", - деді Шәмшидинова үкімет отырысында.
Тағы оқыңыз: Қазақстандық мұғалімдер нені білуі тиіс?
Ол биылғы жылдың көрсеткішіне қол жеткізу үшін бірқатар жұмыс атқарылғанын атап өтті. Алайда келесі жылдың жоспарының орындалуы білім министрлігін алаңдатып отыр. Осыған байланысты ведомство басшысы үкіметтен бірқатар шараны жүзеге асыруға қолдау көрсетуді сұрады.
"Бірінші, өңірлерде барлық оқу орны көрсетілген жатақханалар салудың толық кестесін бекіту. Екінші, қымбат тұратын жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тоқтату. Үшінші, жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмысын жеделдету. Төртінші, осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді. Осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коэффициентті қарастыру", - деді министр.