Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтарға 2%-тік ипотека беріледі: министрлік шарттарын түсіндірді

Қазақстандықтарға 2%-тік ипотека беріледі: министрлік шарттарын түсіндірді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға берілетін ипотеканың шарттарын айтты
Тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен ұсынылатын несиелендірудің шарттары туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов айтып берді, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Айта кетсек, жеңілдікпен несиелендіру тұрмысы нашар, көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған.

2%-тік ипотеканың шарттары

Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, жоғарыда аталған отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үш жыл бойы 50 миллиард теңгеден бөлініп отырады. Барлығы 18 мың несие беріледі.
"Үш айналым болады деп жоспарлап отырмыз. Сонда 25 жыл ішінде 56 мың займ бөлінеді. 56 мың займ – бұл 56 мың пәтер. Пайыздық мөлшерлемесі – 2%. Несиелендіру мерзімі –20 жыл. Бастапқы жарнасы –10%. 18 мың займға 150 млрд теңге бөлінді", —  деп мәлімет берді комитет төрағасы.
Оның сөзіне сүйенсек,  2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша тұрғын үй алу кезегінде 487 мың адам тұр. Оның ішінде халықтың тұрмысы нашар тобынан 220 мыңға жуық адам бар. Көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылар — 28 126 адам. Алғашқы үш айда олардың саны 3 мың адамға артыпты. Сонымен, қазір бұл кезекте 31 700-ден астам адам тұр.
"7 жыл бойы жыл сайын әкімдікте кезекте тұрғандар үшін 40 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй салынады. Жыл сайын 6 мың пәтер пайдалануға беріледі. Көпбалалы аналар мен “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлері және “Батыр ана” атағын алғандар үшін жеке кезек болады. Олар жалға берілетін тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығына ие", — деп атап өтті Жайымбетов.

Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй

Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға баспана алу құқығын беретін тұрғын үй сертификатын енгізу жоспарда бар.
"Қазір тұрғын үй сертификаты бойынша ережелерді әзірлеп жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдар арқылы 5 жыл ішінде 85 миллиард теңге бөлінеді. Әрбір әкімдік өз мүмкіндігінше қаражат бөледі. Егер бұған дейін осындай қаражат "Нұрлы жер", "7-20-25" бағдарламалары бойынша дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер үшін бөлінсе, енді көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілсін деген ұсыныс бар", — деп сөзін түйіндеді комитет төрағасы.
https://sputniknews.kz

04 мамыр 2019 ж. 967 0