Конституцияның жаңғыру және жастардың рөлі
Бүгін республикалық, өңірлік және қалалық коалиция мүшелері жастармен кездесу өткізді. Іс-шараға Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Жасұлан Жарасбаев, Жасұлан Алдабергенов және Әліби Басаров қатысты. Кездесу «Жастар ресурстық орталығының» ұжымы мен белсенді жастардың қатысуымен өтті.Жиын барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны, ұсынылып отырған өзгерістердің бағыттары және олардың жастарға қатысты қырлары талқыланды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, құжатты әзірлеуге заңгерлер мен сарапшылар тартылған. Сонымен қатар Конституциялық комиссия құрамында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев және өңірлердің мәслихат төрағалары жұмыс істегені айтылды.
Кездесуде жоба аясында азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуге бағытталған түзетулер қарастырылғаны атап өтілді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеде қолданылатын «Миранда» ережесін енгізу ұсынысы жөнінде ақпарат берілді. Ұйымдастырушылар бұл нормалар құқықтық қорғау тетіктерін нақтылауға бағытталғанын жеткізді.
Талқылау барысында құжатты әзірлеу кезінде азаматтардың ұсыныстары ескерілгені айтылып, өңір тұрғындарының жекелеген бастамалары жобада көрініс тапқаны мысал ретінде келтірілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Жастар ұсынылған өзгерістерге қатысты сұрақтар қойып, өз көзқарастарын білдірді. Іс-шараның негізгі өзегі – Ата заңның қоғам өміріндегі рөлі мен жастардың ел дамуына қатысу мүмкіндіктері болды.








