Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коалиция мүшелері Тасбөгет кенті тұрғындарымен кездесіп, Конституция жобасын талқылады

Коалиция мүшелері Тасбөгет кенті тұрғындарымен кездесіп, Конституция жобасын талқылады

Қызылорда қаласында жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру бойынша ақпараттық кездесулер жалғасуда. Осы бағыттағы іс-шаралардың бірі Тасбөгет кентінде өтіп, оған республикалық және өңірлік коалиция өкілдері қатысты. Кездесу барысында алдағы референдумның мазмұны мен ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер талқыланды.
Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев, сондай-ақ Ақманат Төлегенова қатысты.
Кездесу барысында Конституция жобасының саяси-құқықтық мазмұны, ұсынылған өзгерістердің бағыттары және олардың мемлекеттік басқару жүйесіне ықпалы сөз болды.
Мәжіліс депутаты Руслан Рүстемов өз сөзінде:
– «Ұсынылып отырған өзгерістердің бір бөлігі заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылауға бағытталған. Сонымен қатар билік тармақтарының өкілеттіктерін айқындау мәселелері қарастырылған», – деді.
Ал Мұрат Ергешбаев Конституция жобасындағы бірқатар түзетулерге тоқталып өтті. Ол құжатта өкілді органдардың рөлін күшейтуге, қоғамдық бақылау құралдарын дамытуға және шешім қабылдау процестерінің ашықтығын арттыруға қатысты нормалар бар. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталып отырғандығын жеткізді.
Жиын барысында жаңа жобаға енгізілген өзгерістердің көлемі туралы ақпарат беріліп, құжатты әзірлеу процесінде қоғамдық ұсыныстардың ескерілгені айтылды.
Кездесу соңында Тасбөгет кентінің тұрғындары сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Ұйымдастырушылар тарапынан жауаптар беріліп, ашық пікір алмасу өтті. Осындай ақпараттық кездесулер өңірдің басқа аудандарында да жалғасып жатқаны хабарланды.
20 ақпан 2026 ж. 128 0