Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫҒЫС ШАЙХАНАСЫ

ШЫҒЫС ШАЙХАНАСЫ

Кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қалыптастыру мен дамыту елдің экономикасын көтеруде маңызды орынға ие. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптастыруға үлкен мүмкіндіктер бар.
Бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау да өте жоғары. Кәсіп жасаймын деген жанға біздің елімізде барлық жағдай жасалған. Елбасы кәсіпкерлік саласын жандандыру жайында: «Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. «Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады», – дей отырып, нақты қадамдарды да көрсетіп айтқан болатын. Солардың бірі – нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске қосу болса, екіншісі – Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады деген еді. Сонымен қатар, аймағымызда да 2018 жылдан бастау алған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы да кәсіп ашамын деушілерге қол болып тұр.
Міне, осынау мемлекеттің мол көмегіне кенеліп, өз кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, кәсібі өрге домалаған жандардың бірі – жергілікті кәсіп иесі Нұрбол Жаниязов.

Біз Нұрболдың шайханасына кіргенде керемет сезімге бөлендік. Қос қабатты шайхананың сәні келіскен. Есіктен кіргеннен құдды бір Шығыс елдеріндегі ертегі  әлеміне еніп кеткендей күй кешесіз. Түрлі шырақтар мен шамдар, Шығыстың ескі құмыралары мен суреттері елітіп әкетеді. Рухани тұрғыдан да тынығып, шөліңіз бір қанып қалады. «Аладдин» деп аталуы да осынысында екен ғой дедім. 
Нысанның иесі, кәсіпкер Н.Жаниязов:
– Шайхана салу көп уақыттан бері ойда жүрген іс еді. Міне, сол мақсатыма жетуге мемлекеттің мүмкіндік сыйлауы арқау болды. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламалар бойынша төменгі пайызбен несие алдым. Соның көмегімен ғимарат тұрғызып, бүгінде жұмысымды бастап кеттім. Қазір тұрғындардың талғамы өте жоғары. Тазалықты да алдыңғы орынға қояды. Сол себепті барынша талғамға сай болғымыз келді. Сондай-ақ, «Аладдин» шығыс шайханасында аты айтып тұрғандай шығыстың тағамдары жасалады. Мақсатымыз–келушілерге шығыс асының өзіне тән ерекше дәмін ұсыну. Оның сапасына да, құрамына да ерекше мән беріледі. Себебі, қазіргі уақытта бізге келушілердің қатары көп. Жасы да, үлкені де бар. Шайхананың тағы бір ерекшелігі, тек қана халал өнімдер ұсынылады, бағасы да қымбат емес, – дейді.
Иә, талапты жігіттің беталысы көңіл қуантарлықтай. Есігінен адам арылмайтын шайхананың сапасын осыдан-ақ біле берсек болады. Сонымен қатар, шығыс шайханасының қожайыны 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Бұл нысан Нұрболдың жалғыз кәсіби нысаны емес, кәсіпке машықтанған азамат 2016 жылдан бері құрылыс заттарын сатумен де айналысып келеді. Сапалы өнімді жұртшылыққа ұсынған кәсіпкердің бұйымдары қашан да сұраныста. Қос кәсіптің де тұтқасын берік ұстаған жерлесімізге еңбегінен береке тапсын дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
10 мамыр 2019 ж. 841 0