Түйе сүті өңделіп, әлемге жол тартпақ
Арал өңірінде өндіріс өрісі кеңейіп, ел игілігіне қызмет ететін жаңа жобалар бірінен соң бірі жүзеге асып келеді. Соның жарқын көрінісі – «Qazaq Camel» ЖШС қолға алған түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт. Бұл – тек аудан ғана емес, тұтас аймақ үшін маңызы зор, тың бастама.Жуырда аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аталған өндіріс орнына арнайы барып, құрылыс және іске қосу барысымен танысты. Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан ол бұл жобаның жылдар бойы күткен үмітті ақтайтын уақыттың жақындағанын атап өтті. Расында да, бүгінде зауыттың негізгі өндірістік ғимараты толық салынып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылған. Қазіргі таңда тек соңғы монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба жетекшілерінің айтуынша, алғашқы өнім мамыр айының соңына қарай нарыққа жол тартпақ.
Ауқымды жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. Оның 1,8 миллиард теңгесі мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие ретінде берілсе, қалған 1,2 миллиард теңге кәсіпорын құрылтайшыларының жеке қаражаты есебінен қаржыландырылған. Бұл – мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің нақты көрінісі.
Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 392 тонна дайын өнім өндіруді жоспарлап отыр. Күніне 20 мың литр түйе сүтін өңдеуге қауқарлы өндіріс орны сұраныс арта түскен жағдайда көлемді еселеуге де мүмкіндік береді. Ең бастысы – барлық процесс толық автоматтандырылған. Бұл өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық стандарттарға сай болуына жол ашады.
Кәсіпорын директоры НұғырбекАбылғазиннің айтуынша, зауытта өндірілетін өнім негізінен экспортқа бағытталады. Әсіресе, көрші Қытай нарығына сұраныс жоғары. Арнайы 300 және 500 грамдық қаптамамен дайындалатын құрғақ ұнтақ ұзақ сақтауға қолайлы әрі тасымалдауға тиімді.
Шикізат мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бүгінде кәсіпорын Арал ауданына қарасты бірқатар ауылдардағы түйе өсіруші шаруашылықтармен меморандумға отырып, тұрақты серіктестік орнатқан. Жаңа сауылған түйе сүті нарық бағасымен қабылданып, арнайы жабдықталған көліктер арқылы зауытқа жеткізіледі. Бұл өз кезегінде ауылдағы ағайынның табысын арттырып, мал шаруашылығын дамытуға тың серпін бермек.
Жаңа өндіріс орны іске қосылғанда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – шағын аудан үшін аз көрсеткіш емес. Әрбір ашылған жұмыс орны – бір отбасының әл-ауқатының жақсаруы деген сөз.
Түйе сүтінің адам денсаулығына пайдасы ертеден белгілі. Халқымыз шұбатты күнделікті тағам ретінде тұтынып, оның шипалық қасиетін жоғары бағалаған. Ғылыми тұрғыда да дәлелденгендей, түйе сүті иммунитетті нығайтып, түрлі дерттің алдын алуға ықпал етеді. Енді осы табиғи өнім заманауи технологияның көмегімен өңделіп, әлемдік нарыққа жол тартқалы отыр.
Ауданда соңғы жылдары инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде балық шаруашылығы мен мал өсірумен қатар, өндіріс орындары да көбейіп келеді. Алдағы уақытта ас тұзын өндіру, жол бойы қызмет көрсету кешендерін салу, мотоцикл құрастыру секілді бірқатар ірі жобалар іске аспақ.
Солардың ішінде түйе сүтін өңдеу зауытының жөні бөлек. Себебі бұл жоба жергілікті табиғи ресурсты тиімді пайдаланып, дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Яғни, шикізатты сатудан гөрі, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім ретінде ұсыну – экономиканың дамуына серпін беретін маңызды қадам.
Ауданымызда қолға алынған бұл бастама – ел еңсесін тіктейтін, халық тұрмысын жақсартатын игілікті істің бірі. Qazaq Camel зауытының табысты жұмыс істеуі алдағы уақытта өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін кеңейтуге өз үлесін қоспақ.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ










