Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын цех салынбақ

Аралда түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын цех салынбақ

Отандық өндірістің көші ілгері басқан сайын жергілікті жерде өнім өндіру ісі де қолға алына бастады. Бұл кезге дейін Арал балығымен және астың дәмін кіргізер ас тұзымен мақтанса, енді оның қатарына тағы бір өнім қосылмақ. Ол түйе сүтінен дайындалатын құрғақ ұнтақ.
Негізі бұл өнімді қолға алу жайы бұған дейін де бірнеше мәрте айтылғанды. Алайда оған бел шешіп кірісе қояр кәсіпкер болмады ма осы кезге дейін үнсіз қалды. Енді міне, Арал қаласының №1 республикалық маңызы бар индустриялық аймағында орналасқан «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехі» жобасының іргетасын құю жұмыстары басталды. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген аталған жобаның алғашқы іргетасын құю жұмысына аудан әкімі М.Оразбаев барып, қолға алынғалы жатқан құрылыс жұмысына оң бағасын берді.
Жалпы құны 1,53 млрд. теңгені құрайтын цехтың жұмысына сәттілік тілеген аудан басшысы «Qazaq Camel» ЖШС-нің директоры, «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехі» жобасының жетекшісі Нұғырбек Абулғазинмен тілдесті.
– «Өнімді халық тұтына бастағанда оның қайда өндірілетінін білуі керек. Осы арқылы біз жергіліктің өнімге деген сұранысты арттырып, Аралдың атыннан шығатын тағы бір бренд қалыптастырамыз», – деді аудан әкімі М.Оразбаев.
Қуаттылығы – 130 мың тонна сүт ұнтағын өндіретін кәсіпорын іске қосылғаннан соң 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Құрылысы жүргізіліп жатқан цехтің алаңы 660 шаршы метр. Яғни, ұзындығы 44 метр болса, ені 15 метрді құрайды. Ал биіктігі 8 метр. Қазіргі уақытта жергілікті «Арал құрылысы» мекемесінің 7 қызметкері құрылыс жұмыстарын қолға алған. Сондай-ақ жыл көлемінде аталған цех жұмысының қуаттылығын 5 есеге ұлғайту жоспарланған. Осылайша түйе сүтін ұнтақ ретінде шығарып, оны кез келген жағдайда қолдануға қолайлы етуге мүмкіндік жасайтын цехтың алғашқы құрылыс жұмыстары басталды. Алла сәтін сала осы жылдың соңына дейін толық мүмкіндікте жұмысын бастамақ.
Осы бастамаға қолдау білдірген аудан әкімі М.Оразбаев құрғақ сүтті қаптамаға салып, қолдануға қолайлы ететін цехтың құрлыс жұмысына сәттілік тіледі.
«Толқын» ақпарат.
26 мамыр 2020 ж. 1 041 0