Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ АУДАНЫНДА ТҮЙЕ СҮТІН ҚАБЫЛДАУ ПУНКІТІ АШЫЛДЫ

АРАЛ АУДАНЫНДА ТҮЙЕ СҮТІН ҚАБЫЛДАУ ПУНКІТІ АШЫЛДЫ

Арал ауданында түйе сүтін қабылдау пункіті ашылды деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Аралда түйе сүтін қабылдау пункттерін құру жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асуда. Осы бағытта, өңірде сүт қабылдайтын пункттер ашылып, сүт-тауарлы фермалардың іргесі қалану үстінде. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде ауданға қарасты Аралқұм елді мекенінен Болат Жаңабаевтың бастамасымен ауыл орталығынан сүт қабылдайтын пункттің ашылуын айтуға болады.

Жергілікті кәсіпкер өткен жылы осы істі қолға алуға бел буып, сүт қабылдау пунктін ашу бағытында Алматы қаласында орналасқан «Нар» ЖШС-мен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде аталған «Нар» ЖШС-нің өкілі Ғалым Капу Аралқұм ауылына арнайы құрылғыларды жеткізіп, бүгіненн бастап шикі түйе сүтін қабылдауды бастап кетті. Атап өту қажет, жергілікті жерден жиналған сүт арнайы салқындатқыш қондырғысы бар автокөліктермен Алматы қаласындағы құрғақ сүт өндіру зауытына жөнелтіліп, өндірілген өнім алыс-жақын шет елдерге экспортталатын болады.

Бүгіннен бастап іске қосылған сүт қабылдау пункітінің ашылуына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, ауылды жерден ашылған жаңа бастамаға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жаңа қондырғыны іске қосқан аудан басшысы өз сөзінде сүт қабылдау пунктінің ашылуы өңірде сүт белдеуін құрудағы кешенді жұмыстардың бастауы екендігін айтып, тың бастаманың ауылға үлкен серпін беретініне сенім білдірді.

Куә болғанымыздай қазіргі таңда сүт қабылдау пунктінде 3 дана сүт құйатын цистерна, 10 дана сүт сауғыш арнайы аппарат, 3дана электр қуатын беретін аппарат және сүт құрамын тексеретін аппарат пен қосымша ыдыстар орналастырылған. Түйе сүтін қабылдау пункті толығымен күшіне енсе, бес адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Бүгінгі таңда ауылдық округке қарасты әрі жақын орналасқан ауылдарда түйе малын ұстап отырған тұрғындармен келісім жасалып, сүттің әр литрін жергілікті бағаға (500-600 теңге) 50 теңге қосымша үстеме бағамен сатып алуды көздеп отыр. Жұмыс жобасына сәйкес, жаздық маусымда тұрғындардан тәулігіне бір жарым тонна сүт жинау жоспарлануда. Осы орайда, «Нар» ЖШС-нің өкілі Ғ.Капу ауыл тұрғындары үшін тиімділігі мол мұндай пункттер ауданға қарасты Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінде де іске қосылатынын атап өтті. Сондай-ақ, жаздың аптап ыстығында тез бұзылатын өнімді тасымалдау аса жауапты іс екенін ескере отырып, бастаған ісін жүйеге келтіріп, жұмыс арнасын қалыптастырғаннан кейін сүт өнімдерін өңдеуді қолға алу жоспары бар екендігін де жеткізді. Бұл өз кезегінде, қосымша жұмыс орнымен қатар, жергілікті халықтың сүт өндіруге деген ынтасын да арттырмақ.
25 қаңтар 2020 ж. 1 450 0