Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ТҮЙЕ СҮТІН ӨҢДЕЙТІН ЦЕХТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

АРАЛДА ТҮЙЕ СҮТІН ӨҢДЕЙТІН ЦЕХТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Кеше ауданымыздың индустриалды аймағында «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цехының құрылысы басталды.
Арал қаласындағы №1 республикалық маңызы бар индустриялық аймағында орын тепкен цехтың іргетасын қалау рәсіміне аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Жобаның өңіріміз үшін маңызды екенін атап өткен аудан басшысы бүгінгі бастамаға сәттілік тіледі.
Шара барысында «Qazaq Camel» ЖШС-нің директоры, «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехі» жобасының жетекшісі Нұғырбек Абулғазин аймағымызда алғашқы рет қолға алынып отырған жоба жайын таныстырып өтті. Атап айтқанда, жылына 130 тоннадан астам түйе сүтінен құрғақ қоспалар өндіруге қауқарлы цехтың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба іске қосылғанда 25 адам жұмыспен қамтылатын болады. Мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, алыс-жақын шет елдерге экспортталмақ.
Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген, жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын цехтың құрылысын жергілікті «Арал құрылысы» ЖШС-гі қолға алып отыр.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
26 мамыр 2020 ж. 757 0