Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты
– Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, «ақылды сүзгі» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті. Былтыр халыққа арнаған Жолдауымда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.











