«Білім, байлық, бірлік»: Нұртөре Жүсіп Ахмет Байтұрсынұлының аманатын еске салды
Қоғам қайраткерінің айтуынша, ХХІ ғасырда ұлттың табысы білімді әрі бірлігі бекем жастарға байланысты.Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп Adyrna порталының подкастына берген сұхбатында ХХІ ғасыр – технология, жаһандану мен урбанизация дәуіріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спикердің пайымдауынша, мұндай кезеңде ұлттың бәсекеге қабілетті болуы ең алдымен оның ішкі сапасына байланысты. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамы білімді, адал, парасатты ұрпақ тәрбиелеуге басымдық беруі керек.
Оның сөзінше, тәуелсіздік Қазақстанға бұрын болмаған мүмкіндіктер сыйлады. Енді елдің қандай бағытта дамитыны, қандай өндіріс пен жобалардың жүзеге асатыны өз қолымызда. Сондықтан жастар сырттан үміт күтпей, өз күшіне сеніп, білім мен бірлікті басты құндылыққа айналдыруы қажет. Депутаттың айтуынша, ұлттық бірлік – ақшамен өлшенбейтін ең қымбат байлық, ал дәл осы құндылық Қазақстанды жаңа сапалық деңгейге көтеретін негізгі күш.
Үлкен бір мәселе – ХХІ ғасыр – жаңа ғасыр. Технология, жаһандану, урбанизация келіп жатыр. "Қазақтың болмысы қандай болу керек" дегенді Президент өзінің бір Жолдауында: "Білімді, адал, парасатты болуы керек" деп айтты. Өткен ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы да: "Қазақ күшті болуы үшін, ел болуы үшін білімді болуы керек, бай болуы керек және күшті болуы керек. Білімді болу үшін – оқу керек. Бай болу үшін – кәсіптің көзін тап. Күшті болу үшін – бірлік керек" деді. Яғни ұлттың ішкі бірлігі, ішкі қуаты. Бұл өте бағаланбайтын, бағаланса, бағасы ақшамен, теңгемен өлшенбейтін ұлттық құндылық. Бұл – әр адамның жүрегінде тұрған нәрсе, - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Сондай-ақ ол қазіргі уақыттағы Қазақстанның дербес ел ретіндегі басты артықшылығына да тоқталды.
Қазақ елінің, тәуелсіз елдің, әлемдегі 200-ден артық мемлекеттің ішінде тең дәрежеде, солармен мәселені дербес шешіп отырмыз. Жай ғана бір мысал айтайын. Бұрын Алматыда Ташкентский дейтін Райымбек көшесінде газ құбырын өткізу үшін Мәскеудің рұқсаты керек еді. Қазір барлық мәселе өзіміздің қолымызда. Қандай зауыт саламыз, қандай кәсіпорын ашамыз, қандай жоба жасаймыз – бәрі қазақ ұлтының қолында тұр. Осыны терең түсініп алу керек. Біз ділгір емеспіз. "Кісідегінің кілті аспанда" деп біреуге көзімізді, сөзімізді сатып тұрған жоқпыз. Бұл – ұлттың жаңа сапалық биігінің көтерілген кезеңі. Бұл – бір. Екіншіден, әрбір ғасырға шалып қарасаңыз, әр ғасырдың басталған уақытынан ортасына, 50–60-жылдарға дейін соғыс, әртүрлі алапат жайттар алмасып келіп отырған. Құдайға шүкір, қазір ХХІ ғасырда қазақ ұлты үлкен бір қатерге түскен жоқ, – деді Нұртөре Жүсіп.
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі










