Қазақстан халықаралық делегацияға мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрлық шешімдерді таныстырды
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚХалықаралық көші-қон ұйымының делегациясы және Грекия, Мажарстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдарының өкілдері мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен танысу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына келді.
Кездесу тәжірибе алмасу форматында өтті. Тараптар көші-қон қызметтерін цифрландырудың заманауи тәсілдерін, жеке тұлғаны сәйкестендіру мәселелерін және мемлекеттік сервистерді дамыту бағыттарын талқылады. Сондай-ақ қонақтарға бүгінде Қазақстанда қолданылып жүрген цифрлық шешімдер таныстырылды.
Сапар барысында делегация мүшелеріне паспорттар мен жеке куәліктерді рәсімдеу үдерісі – өтініш беруден және деректерді тексеруден бастап дайын құжатты алғанға дейінгі барлық кезеңдер көрсетілді.
Сонымен қатар делегация мүшелері жеке куәлік немесе паспорт алуға өтінімді өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалының жұмысымен танысты. Қатысушыларға оның жұмыс істеу тәртібі мен дербес деректерді тексеруде қолданылатын технологиялар туралы ақпарат берілді.
«Мемлекеттік қызметтерді жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, кәсіби әріптестікті нығайтуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Бұған дейін Корея Республикасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл құжат бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі кездесу халықаралық серіктестікті нығайтуға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіруге тағы бір маңызды қадам болады деп сенемін», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы Басқарма төрағасы Арман Кенжегалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ










