Әкімдік мәжілісінде бірқатар мәселелер пысықталды
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың орындалу барысы қаралды.Мәжіліс барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысына ерекше назар аударылды.
Аудан әкімі аталған жобаның коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртудағы маңызын атап өтіп, ауданда осы бағытта қолға алынған жобалардың сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылуын тапсырды.
Жиында биыл Ұлттық қор есебінен қаржыландыруға ұсынылған газбен жабдықтау, электр желілерін қайта жаңғырту және абаттандыру жобаларының орындалу барысы талқыланды. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттары дайын әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын қаржыландыру мәселесі қаралып, жауапты сала басшыларына тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жауаптыларға барлық басым жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, келесі жылдары іске асырылатын жобаларды да алдын ала пысықтауды міндеттеді.
Күн тәртібінде электрмен жабдықтау саласындағы жұмыстар да қаралды. Электр желілерін жаңғырту жобаларының жүзеге асырылу барысы, халықты сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету және алдағы қысқы маусымға дайындық мәселелері талқыланды.
Мәжілісте газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы жобалардың іске асырылу барысы да қаралып, жауапты мекемелерге жұмыстарды жеделдету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын тұрақты негізде ұйымдастыру, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелері талқыланды.
Осы ретте тұрғындар арасында «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жаңа үлгілік қағидасын» кеңінен түсіндіру, санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау және заң талаптарын бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты орынбасарлар мен сала басшыларына жұмысты күшейтуді жүктеп, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі












