Газдандыру және қатты отынмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, тұрғындарды табиғи газбен және қатты отынмен қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалық мәселелері қаралды.Мәжілісте Үкімет отырысында газ саласын дамыту бойынша берілген тапсырмаларға сәйкес аудан тұрғындарын табиғи газбен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету жұмыстары талқыланды. Бүгінде аудан бойынша табиғи газбен қамту көрсеткіші кезең-кезеңімен артып келеді. Арал қаласы, Жақсықылыш, Сексеуіл кенттері, Шижаға және Қамыстыбас елді мекені көгілдір отынның игілігін көруде.
Аудан басшысы биыл іске қосылған диспетчерлік орталықтың үздіксіз әрі жедел жұмыс істеуінің маңызын атап өтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар табиғи газ тарифінің өзгеруіне байланысты тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтып, елді мекендерде тұрғындармен жеке кездесулер өткізуді жүктеді.
Жиында табиғи газ үшін қалыптасқан берешек мәселесі де көтерілді. Жауапты сала басшыларына берешекті азайту және коммуналдық төлемдердің өндірілуін күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Күн тәртібінде алдағы 2026–2027 жылғы жылу беру маусымына дайындық мәселесі де қаралып, қажетті көмір қорын уақытылы жасақтау, жеткізуші мекемелермен жұмысты үйлестіру және әлеуметтік нысандарды қажетті отынмен толық қамтамасыз етуді жауаптыларға міндеттеді.
Мәжіліс барысында аудандағы заңсыз қоқыс орындарын жою, санитарлық талаптарды сақтамаған азаматтар мен заңды тұлғаларға қатысты заң талаптарын қатаң қолдану қажеттігі айтылып, бұл бағыттағы бақылауды күшейту тапсырылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көтерілген барлық мәселелердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, жауапты сала және мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












