Теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, теміржол саласын дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда еліміз бойынша теміржол вокзалдарын жаңғыртуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағытта Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі теміржол вокзалдарының ғимараттары қайта салынып жатыр. Дегенмен, құрылыс жұмыстарының қарқыны әлі де болса көңіл көншітпейтінін айтқан аудан басшысы жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар, вокзал аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды заман талабына сай келтіру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселе бұған дейін көтерілгенмен атқарылған жұмыстардың нәтижесі әлі де көңлі көншітпейтінін жеткізді. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға аталған мәселені бірлесіп шешуді тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Жиында бұл мәселе де назардан тыс қалмай, жаз мезгілінде көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде толық ретке келтіріп, алдағы уақытта бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бірқатар салаларда кемшіліктердің әлі де орын алып отырғанын атап өтті. Әсіресе ауылдық округ әкімдерінің жұмысы мен эпизоотиялық ахуалға жауапты мекемелердің қызметіне қатысты сын-ескертпелер айтылып, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру қажеттігі көрсетілді.
Аудан басшысы барлық жауапты тұлғаларға жұмысты жандандырып, нәтижеге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, мәжіліс барысында көтерілген мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, олардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жауапты тұлғаларға міндеттеді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі












