Темір жол вокзалдарын жаңғырту мәселесі талқыланды

Ғасырдан әрі тарихы бар көрнекі ғимараттар елге қызмет етуге әлі де қауқарлы. Мемлекет меншігіндегі тарихи-мәдени нысан болып саналатын «Арал теңізі» теміржол вокзалы мен дәретхана ғимараты да толық қайта жаңғыртылмақ. Есік, терезе, едендері жаңартылып, қабырғалары сырланады. Сонымен қатар электр, су, жылу және кәріз жүйелері қайта жүргізіледі. Бұдан бөлек 7000 шаршы метр аумаққа тротуар тақталары төселетін болады.
Сексеуіл кентіндегі теміржол вокзалы да сондай жөндеуделерден өтпек. Ғимараттың сыртқы қабырғалары травертинмен қапталады. Барлық жылу родиаторлары ауыстырылып, бу қазандығы мен арка жаңадан орнатылады. Сондай-ақ 10 мың шаршы метр аумаққа тротуар тақталары төселетін болады.
Аудан әкімі бұл мәселеде уақыт жоғалтпай тиісті шешімдерді қабылдап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобаларды тез арада әзірлеуді жауапты мамандарға тапсырды.
Тарихы тереңге тартқан бұл нысандар қала мен кенттің көрікті әрі сәулетті нысандарының біріне айналуы тиіс.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі