Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржол вокзалы – аймақ айнасы

Теміржол вокзалы – аймақ айнасы

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте теміржол вокзалдарындағы тазалық, көркейту мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы теміржол вокзалының сырт келбетіне, ондағы жолаушыларға жасалған жағдайға қарап өңір имиджі қалыптасатынын атап өтіп, нысан аумағында тазалық сақталмайтынын қатаң сынға алды.
«Өткен жылы Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалының ескі ғимаратына «Қазақстан Темір жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 577 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзалға барып, тазалыққа байланысты ескерту жасап, бірнеше тапсырма бердім. Алайда, бұл тапсырмалар әлі күнге дейін толық орындалмай келеді. Қала әкімдігі сол аумақты абаттандырып, брусчатка төседі. Екі жолаушылар платформасы жаңадан асфальтталып, жарықшамдар орнатылды. Жөндеу жұмыстары өткен жылы ғана жүргізілгенімен, брусчаткалардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Құрылысқа пайдаланылған заттар жиналмаған. Маңайындағы дүңгіршіктерді перроннан түсіріп, төменге орналастыруды тапсырғанмын. Алайда, дүңгіршіктер бүгінгі күнге дейін алынбай, нысанның көркін бұзуда.
Вокзал – қаланың, аймақтың айнасы, өйткені, келген қонақтар да, инвесторлар да алдымен теміржол вокзалымен танысады. Әрлі-берлі өткен жолаушылардың да вокзалдағы тәртіп пен тазалыққа қарап Қызылорда туралы пікірі қалыптасатыны белгілі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі барлық теміржол вокзалы аумақтарын ретке келтіруді, тазалық жұмыстарын күнделікті жүргізуді талап етті. Мұнан бөлек, вокзалдың сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсетуі де мінсіз болуы қажеттігін қаперге салды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
10 қыркүйек 2024 ж. 134 0