Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ХАБТАРДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ХАБТАРДЫ ДАМЫТУ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Жиында Үкімет отырысында талқыланған трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері мен Қазақстан Республикасында қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы күн тәртібіне қойылып, осы бағыттағы кемшіліктер мен олардың шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.

Алдымен теміржол және автожол бағыттары арқылы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша жауапты сала басшыларымен нақты тапсырмалар пысықталды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс» екенін атап өтіп, транзиттік дәліздердің стратегиялық маңызына тоқталған болатын. Солардың бірі – «Сексеуіл–Бейнеу» жолының құрылысын жеделдету тапсырмасы.

Аудан әкімі аталған міндеттерді жүзеге асыру үшін облыстық басқармалармен және министрліктермен өзара тығыз байланыс орнату қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар 14 желтоқсаннан бастап «Астана–Жезқазған» бағытындағы «Тальго» жүрдек пойызы Қызылорда қаласына дейін жүретіні айтылып, осы бағыттағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жан-жақты қарастыру міндеттелді.

Жиында қаралған екінші мәселе қоршаған ортаны қорғау, соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары. Құны 80,2 млн теңге болатын Арал қаласында қатты қалдықтарды сұрыптау кешенін салу жобасы «Жасыл Даму» АҚ-на ұсынылып, сараптамадан өткізілгені хабарланды. Аудан басшысы бұл жобаның тиімділігін мұқият зерделеп, толық сүйемелдеуді жауаптыларға тапсырды.

Тазалық мәселесі де аудан әкімі назарынан тыс қалмады. Бұл бағыттағы жұмыстардың бірқатар кемшіліктері арнайы слайд арқылы көрсетіліп, өткен аптадағы сенбілікке салғырт қараған бірнеше мекеме басшыларына ескерту жасалды.

Сонымен бірге ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша да бірқатар олқылықтар атап өтіліп, жыл қорытындысында оң динамика қалыптастырудың маңыздылығы айтылды. Облыс әкімдігі бекіткен жоспарлар негізінде салалық көрсеткіштерді орындау және қорытынды жұмыстарға бақылауды күшейту тапсырылды.

Жиын соңында аудан әкімі берілген тапсырмалардың уақытылы әрі толық орындалуы тиіс екенін ескертіп, әкімдік тарапынан бақылаудың тұрақты жүргізілетінін айтты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
26 қараша 2025 ж. 36 0