Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ҚАРЖЫ ИГЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ҚАРЖЫ ИГЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы жайында әкімдік мәжілісі өтіп, күн тәртібіндегі мәселеге байланысты бірқатар кемшіліктер пысықталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шараларды қабылдауда. Биылғы жылдың 16 қазанынан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін жанар-жағармай отынының бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізілді. Бұдан бөлек, тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылды.

Аудан әкімі бұл мәселеге қатысты бақылауды күшейту керектігін айтып, қолдан жанар-жағармай тапшылығын жасау арқылы баға көтеру фактілері анықталған жағдайда құзырлы органдарға ұсыныс беру керектігін жеткізді.

Жиында бұдан бөлек бюджет қаржысын толық игеру және барлық көрсеткіштерді жоспарға сәйкес орындау мәселесі көтерілді. Бұл жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев қысқа хабарлады.

Мәселеге қаныққан аудан әкімі кемшіліктерге жол берілмеуі тиіс екендігін жеткізіп, жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді.

– Бюджеттік бағдарлама әкімшілері, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын құрайтын негізгі индикаторлық көрсеткіштермен жеке-дара жұмыс жасаңыздар. Жыл қорытындысымен әрбір салада өсім қамтамасыз етілу қажет. Жоспарланған нысаналы көрсеткіштердің орындалуына қол жеткізуіміз тиіс, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтқан аудан әкімі кемшіліктерге жол берілген жағдайда бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі
19 қараша 2025 ж. 45 0