Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күн тәртібіндегі мәселелер назардан тыс қалмайды

Күн тәртібіндегі мәселелер назардан тыс қалмайды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аппарат мәжілісі өтіп, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен газ саласын дамыту және цифрландыру, мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап сұйытылған газдың бағасы көтерілді. Бұған дейін сұйытылған газдың орташа бағасы 1 литрі 75 теңгеден сатылып келсе, қазіргі баға 90 теңгеден сатылуда. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі газ құю бекеттерінде ешқандай мәселе жоқ, сұйық отын қоры жеткілікті мөлшерде.
Десе де мәселе тұрақты бақылауда болуы керектігін алға тартақан аудан басшысы жауапты бөлім басшылығына ахуалды тұрақты бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
Ауданға қарасты елді мекендерді газдандыру мәселесі де жиында назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі күні аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 71 пайызды құрайды. Жыл басында Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекені табиғи газға қосылды. Қазіргі таңда, құны - 5,2 млрд. теңгені құрайтын Қамыстыбас елді мекені тұсынан автоматты газ тарату стансасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы бұл мәселеге қатысты да жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанығып, қолға алынуы тиіс кейбір жұмыстарға байланысты жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Мәжілесте қала тазалығына қатысты да кемшіліктер назарға алынды. Қаланың үлкен көшелері мен қоғамдық орындарындағы тазалық мәселесіне қатысты олқылықтар арнайы слайд арқылы көрсетіліп, кеткен кемшіліктер бойынша жауаптыларға бірқатар ескертулер айтылды. Нәтижесімен орын алған олқылықтар бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Жиын барысында күн тәртібінен тыс 2024 жылы ашылған жұмыс орындары мен 2025 жылға жоспар, мобильді топтардың жұмысы және өсімдікті қорғау туралы мәселе қаралды. Бұл бойынша аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев хабарлама жасап, аталған мәселелерге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелерге сәйкес берілген тапсырмалардың ешбірі назардан тыс қалмайтынын алға тартып, олардың орындалуына уақытылы бақылау жасауды аудан әкімінің орынбасарларына жүктеді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
23 сәуір 2025 ж. 60 0