Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ ЖӨНІНДЕ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАУ ЖӨНІНДЕ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Жиында аудан бойынша топтасып жасалған бұзақылық және қоғамдық орындарда орын алған қылмыстардың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстар және ұрлық қылмысының алдын-алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы мәселе көтеріліп, аудандық Полиция бөлімінің басшысы Н. Әлтай хабарлама жасады.
Қазіргі таңда қоғамда түрлі үлкен резонанс тудырған құқық бұзушылық жағдайлары жиі орын алуда. Сондықтан күн тәртібіндегі мәселенің қайсысы болсын өте өзекті. Жыл көлемінде аудан бойынша қылмыстық жағдайлар көрсеткіші төмендегенмен, кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім орын алған. Соның ішінде, мал ұрлығы, пәтер ұрлығы, алаяқтық қылмыстары жиілеген. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігі ережелері мен тазалыққа қатысты заң бұзушылықтар бойынша да шешімін таппаған мәселелер бар.
Баяндамада айтылған осы сынды мәселелерді назарға алған аудан әкімі аудандық Полиция бөлімінің басшысына құқық бұзушылық пен заңсыздықтарға қатысты әрекеттерді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Нұрсұлтан Ерланұлы, жаңа жоғарыда айтып өткендей осы қызметке келгеніңізге көп болған жоқ. Бұл мәселелер өте күрделі. Бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан, жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Қылмыстардың алдын алуда нақты шаралар қабылдануы қажет, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Жиын соңында аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы өсім алған қылмыстардың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін рейдтік шараларды ұйымдастыру, елді мекендердің тазалығын және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу жолында профилактикалық шараларды тұрақты және жоғары деңгейде жүргізу сынды мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
06 қараша 2024 ж. 76 0