Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң бұзушылықтың алдын алу маңызды

Заң бұзушылықтың алдын алу маңызды

Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, дербес бөлім, мекеме, құқық қорғау органдарының басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссияның отырысында бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі мен бухгалтерлік есептіліктерге бақылау жасау бағытында атқарылған шаралар мәселесі қаралды. Аталған тақырып бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Әнуар Әзбергенов пен Беларан ауылдық округінің әкімі Досжан Қожахметовтың баяндамалары тыңдалды. Одан соң аудан басшысы дербес бөлім және мекеме басшыларына сыбайлас жемқорлықтың, заң бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту жөнінде тапсырмалар беріп, құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталды.
Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында алаяқтық қылмысының алдын алу және алдағы уақытта атқарылатын шаралардың барысы талқыланды.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Абдулахат Атакаев өңірдегі алаяқтық және мал ұрлығы қылмыстарының белең алуы мен олардың кездесу жағдайлары туралы баяндады.
Мұнан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Махмут Марат тұрғындарды алаяқтардың әрекеттерінен сақ болуға шақыратын ақпараттық-насихаттық шаралардың жүргізілу барысы мен осы бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді. Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов кенттегі алаяқтық қылмысының алдын алу бағытындағы жүргізілген және алдағы уақытқа жоспарланған шараларды баяндады.
Жиын соңында аудан әкімі алаяқтық қылмысын болдырмау және алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды, тұрғындарға арналған ақпараттық-насихаттық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет екендігі жөнінде тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
09 ақпан 2021 ж. 661 0