Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырма орындалуымен құнды

Тапсырма орындалуымен құнды

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға Үкімет отырысының күн тәртібіне сәйкес облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болды.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мен жұмысшы мамандар даярлаудың жаңа тәсілдері туралы мәселе талқыланып, Жолдау жүктейтін бірқатар мәселелер күн тәртібінде тұрғанын айтқан аудан басшысы тапсырмалардың уақытылы орындалуы басты назарда болатындығын атап өтті.
Еліміздің жарқын болашағы үшін Жолдауда аталған бағыттар бойынша даярланған жоспарда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланатыны және 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапырмасы, «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі және жалпыға бірдей декларациялау мерзіміне қатысты мәселелер мәжілістің күн тәртібіне қойылды. Көтерілген мәселелер өзекті болғандықтан кемшіліктер бойынша қазірден жұмыс жүргізу керек.
Одан бөлек аудан басшысы жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзіміне қатысты ескертпе айтып, елді мекендегі кәсіпкерлерге және декларация тапсырмағандар мен әдейі жалтарып жүрген өзге де тұлғалар жауапқа тартылатындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуді нақтылады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мүлік салығының есепті мерзім аралығында орындалуы керектігін назарға алып, бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін нақтылану керектігін, жауаптыларға көтерілген мәселе бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды.
Қыс қыр астында. Күн ерте суытып, қыс мерзімінен бұрын түкен жағдайда жылу беру маусымына тас-түйін дайын болу керек. Бүгінде аудан тұрғындарын көмірмен қамту мәселесінің өзектілігі ескеріліп, қатты отын қорының жеткілікті мөлшерде қамтылуы керектігі айтылды. Бұл жағдай референдум кезеңінде кері әсерін тигізбес үшін жағдайды қазірден бастап назарда ұстау керектігі сөз болды. Жылу беру маусымы басталғанша ауыл-аймақтарға жеткізілетін қатты отын мөлшерінің жеткілікті деңгейде болуын жауапты басшылар тарапынан назарға алу жүктелді.
Мұнан өзге көше атаулары көрсетілген тақтайшаларды жазу және орналастыру бойынша ұсынымдамалар айтылып, көше атаулары бірыңғай үлгіде және кюар кодпен (Qr код) жасалуын қамтамасыз ету керектігі тапсырылды. Бұл жұмыстар алда өтетін маңызды саяси науқандар барысында кері әсерін тигізбес үшін қазірден бастап нақтылану керек.
Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев күн тәртібіндегі өзекті деген мәселелер назардан тыс қалмауы керектігін айтып, тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
11 қыркүйек 2024 ж. 199 0