Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырма уақытылы орындалуымен құнды

Тапсырма уақытылы орындалуымен құнды

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен қала көшелерінің түнгі жарықтандыру жұмыстарындағы кемшіліктер мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыланған мәжіліс өтті.
Тиісті жұмыстарды қолға алмаған басшылардың жауапкершілігіне сын айтылды.
«Өткен мәжілісте Өздеріңіздің қатысуларыңызбен Арал қаласының түнгі жарықтандыру мәселесіне байланысты жиын өткіздік. Бірақ, содан кейінгі нәтиже көңіл көншітпей отыр. Мәселен, қала бөлінісіндегі 1 сектор бойынша теміржол вокзалы аумағындағы Ә. Нұрпейісов көшесіндегі 35 жарықтың 7-еуі істен шыққан. Уәде бердіңіздер, алайда ол орындалмады. Осындай мәселелер Бекмырза хан, Қ. Ерімбетов, Сырым батыр даңғылы, А. Байтұрсынов, Бақтыбай батыр, Әбілқайыр хан, Абай көшелерінде, «Балықшылар» аллеясы мен «Рәміздер» алаңындағы және батыс кіреберіс аймақ пен басқа да аумақтарда орын алған. 1-2 жарықшам болса да, бақылау болуы тиіс. Бұлай ұзаққа созылмауы қажет. Тапсырма уақытылы орындалуымен құнды. Қаланың түнгі көркі әдемі болғаны дұрыс. Әр секторға жауапты басшылар ең алдымен сіздерден қадағалау болу керек. Күрделі мәселенің барлығын дереу шешіңіздер» – деді, Аманжол Сақыпұлы.
Аудан басшысы жүктелген міндеттерге салғырттық танытқан лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолдануды талап етті.
Мұнан соң, аудан әкімі мерзімі келіп тұрған Сексеуіл кентіндегі АГТС орната отырып «Бейнеу-Шымкент» магистарльды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салу жобасын аяқтау және Арал қаласындағы темір жол үстінен аспалы көпір салу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын қатаң сынға алды. Бұдан бөлек, жол құрылысы, әлеуметтік және өзге де салалардың жұмысындағы түйткілді мәселеге тоқталды.
Жиынды қорытындылай келе, аудан басшысы ел алдындағы уәде уақытылы орындалуы тиіс екенін айтып, сала басшыларына, қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне барлық деңгейдегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алу міндетін жүктеді.

"Толқын" ақпарат
14 мамыр 2024 ж. 221 0