Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаһар басшысының қорытынды есебі

Шаһар басшысының қорытынды есебі

Бүгін Арал қаласының әкімі Б. Махатов өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Қызылорда облысы Қызылорда қаласынан өзге қала статусына ие осы Арал қаласы.
Есепті кездесуде алғашқы болып сөз алған жергілікті полиция басшысы, полиция подполковнигі Әлтай Үмбеталиев баяндама жасап, өткен жылы жүргізілген қылмыстың алдын алуға арналған профилактикалық жұмыстар мен қылмыстық ахуал жайында жиналғандарға баяндама жасады.
Одан әрі шаһар басшысы сөз алып:
-Арал қаласын абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу және тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген қаржыға сәйкес негізгі жұмыстар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қаладағы Б. Баймұратов, М. Сәрсенов, Сапақ би, Космонавт, В.Терешкова, Сапақ би, Б.Қаюпов көшелерінің жалпы ұзындығы 3, 4 километр болатын автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, К.Байсейітова, Д.Нұрпейісова, Құрманғазы, М.Мәметова, Т.Бөріқұлақов, Космонавтар, Т.Тоқтаров, М.Өтемісұлы, З.Махатов, Ә.Жарымбетов, М.Нұржаубаев және Байқоңыр көшелеріне жарық беру шамдары орнатылып, жарықтандырылды. Қаладағы №262 мектеп-гимназиясынан Д.Нұрпейісова көшесінің аралығына жаяу жүргіншілер жолы салынып, С.Сейфуллин және Әйтеке би көшелерінің аяғындағы мұсылмандар бейіті қоршалды. Өткен жылы қала көшелеріне 80 дана жол белгісі орнатылса, 75 жол белгісі стандартқа сәйкестендіріліп, қайта орнатылды. Сонымен қатар, әлеуметтік-мәдени нысандар мен көлік көп шоғырланатын автотұрақ орындарына мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыруға арналған «Мүгедек» жол белгілері орнатылды. Асфальтталған барлық көшелерге және бағдаршам орнатылған көшелердің қиылыстарына жаяу жүргіншілер жолына арнайы жолақтар мен таңбалар сызылды. Сондай-ақ, У.Қосымов көшесінің бойындағы сағат құрылымы, Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясы, «Даңқ», «Алаш» алаңдары мен Бақтыбай батыр көшесіндегі скверлер ағымдағы жөндеуден өтіп, орталық парктегі З.Шүкіровтің ескерткіші қалалық мәдениет үйінің алдына көшірілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қаладағы Бақтыбай батыр көшесіндегі №100, 102, 104, 112, 114, 116, 118, 120, 124 үйге, Судоверфь №22 үйге, жалпы көппәтерлі 10 үйге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Қ. Ерімбет көшесіндегі №11 үйге су жүйесімен қоса газдандырылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса, аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысына сәйкес, Арал қаласындағы №1 мөлтек ауданды (Әубәкіров аймағы) электрмен жабдықтау жұмыстары басталып, 2018 жылы жалғасын табады деп күтілуде. Сонымен бірге, қаладағы «Қарлығаш» және «Сартай» балабақшасы мен №260 мектептің жылу беру қазандықтары газбен жабдықталып, қайта жаңғыртылды. Қазіргі таңда Арал қаласы бойынша 6637 жеке меншіктегі тұрғын үйлер болса, оның 4171-і, яғни, 63 пайызы және кәсіпкерлік субъектілер мен басқа да мекеме ғимараттары бойынша 97 нысан толық газға қосылған. Қала көшелерін жарықтандыру мақсатында И.Панфилов, Т.Есетов және Қарасақал Ерімбет көшелеріндегі ескірген түнгі жарық беру шамдары қайта жаңартылып, іске қосылды. Және де шағын қоқыс жәшігін (урна) жасату және орнату үшін ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік сатып алу өткізіліп, 83 шағын жәшік қала көшелеріне орнатылды. Сонымен бірге, Арал қаласы көшелеріне бейнебақылау орнату және істен шыққан бейнекамераларды ауыстыру жұмыстарына ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алу өткізіліп, мердігер жеңімпаз тарапынан жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда 30 бейнебақылау камералары орнатылып, ішкі істер бөлімінің бақылау мониторына қосылған. Арал қаласы көшелеріндегі түнгі электр жарығын беру шамдарының бағаналарын светодиодты шамдармен және аркаларды светодиодты лентамен безендіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді,-дей келе, баста да шешімін тапқан мәселелер жөнінде айта кетті.
Сонымен қатар, есепті кездесуде аудан әкімі М. Оразбаев та халық алдында баяндама жасап, аудан көлеміндегі кешенді істердің қорытындысымен тұрғындарды қанық қылды. Сонымен қатар, алдағы міндеттер мен атқарылатын істер барысына тоқтала өтті.
Есепті кездесу соңында тұрғындар көкейіндегі қалаішілік маршруттар, ескі балабақшаларды жаңарту, қала тазалығының жұмысын барынша күшейту секілді түрлі сұрақтары тыңдалып, аудандық билік тарапынан жауаптарын алды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
27 қаңтар 2018 ж. 2 495 0