Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Аппарат мәжілісі өтті

Аппарат мәжілісі өтті

Кеше аудан әкімі С. Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте аудан әкімінің Арал қаласындағы нысандарды аралау және тұрғындармен кездесу барысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе жөнінде алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев хабарлама жасады. Елді мекендерді аралау барысында берілген тапсырмалардың бірқатары бүгінгі күнге дейін орындалмаған.
Аудан басшысы берілген тапсырмалардың әрбіріне жеке тоқталып, жауапты бөлім басшылары мен қала,кент және ауылдық округ әкімдерін қатаң сынға алды.
Арал қаласындағы орталық мешіт жанындағы кәсіпкерлік нысан мен орталық базардағы автобекеттің сырт келбетін ретке келтіру, көпқабатты тұрғын үйлердің маңының тазалығы мен лас су төгетін орынды реттеу, А. Байтұрсынов көшесіндегі әуе желілерін биіктету жөнінде берілген тапсырмалардың орындалмағанын айтып, жауаптылардан себебін сұрады. Сонымен бірге Жақсықылыш кентіндегі Қазпошта ғимаратын жөндеу, Сексеуіл кентінен орталық алаң салу, Бөген елді мекеніндегі бұрынғы мектеп ғимаратын қайта бейімдеу, Ақеспе елді мекеніндегі көшелерге түнгі жарықшамдар орнату бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде ауылдық округ әкімдері баяндады.
Аудан әкімі Арал қаласындағы барлық кәсіпкерлік нысандардың сырт келбеттерін және қала ішіндегі қорымдардың қоршауларын тұрғындарды тарта отырып ретке келтіру қажеттігін айтты. Мұнымен қоса, салалық орынбасарларына барлық тапсырмалардың орындалуы бойынша түбегейлі нәтижеге қол жеткізгенше қадағалап, саралап шығып, қаражат қажет ететін мәселелер жөнінде тиісті салалық басқармаларға ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Алдағы уақытта мұндай олқылықтар қайталанған жағдайда жауапты бөлім басшылары мен қала,кент, ауылдық округ әкімдерінің жауапкершіліктері қаралатындығын қатаң ескертті.

А. ТӘЖІМБЕТОВА
---
15 шілде 2022 ж. 229 0