Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы мәселелер бойынша аппарат мәжілісі өтті

Аудандағы мәселелер бойынша аппарат мәжілісі өтті

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өткізілді.
Жиында аудандық маңыздағы және елді мекенішілік көшелердегі автомобиль жолдарының жай-күйі мен аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекемелердің азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасау барысы талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш. Есжанов баяндама жасады. Шерхан Жұбаханұлы алдымен өткен жылы аудандық автомобиль жолдары бойынша жүргізілген жұмыстарды баяндап, биылғы жылы өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жасалынатын жоспарларды саралап өтті.
Баяндамадан соң, аудан басшысы осы жылға межеленген жоспардың үдесінен шығуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
«Биыл көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатындағы жұмыстарды жүргізу үшін бюджеттен 3,9 млрд. теңгемен бастап жатырмыз. Оның ішінде, 2023 жылдан өтпелі негіздегі 9 жоба, Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің және Арал қаласындағы 10 көшенің құрылыс жұмыстары бастау алатын болса, қаладағы 2 көше қайта жаңғыртудан өтпек. Өтпелі негіздегі және 2024 жылы іске асырылатын жобаларға жетімсіз қаражаттарды алу бағытында қажетті шараларды қабылдаңыздар. Арал қаласының түнгі жарық шамдарына байланысты тұрғындар тарапынан түрлі уәждер айтылуда. Мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілмегендіктен және ол жұмыстар дер кезінде қадағаланбауынан осындай жағдай орын алуда. Жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін сапалы аяқталуы тиіс», - деді, аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы.
Мұнымен бірге, аудан орталығындағы көшелердің түнгі жарықтандыру жұмыстарына баса мән беруді және халықаралық тас жолының бойын мұздақтардан тазалауды дер кезінде және ұдайы жүргізуді міндеттеді.
«Қазіргі таңда, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Самара-Шымкент» автомобиль жолының көлік қозғалысына жиі шектеулер енгізілуде. Халықаралық автомобиль жолының қардан және мұздан тазаланып отыруын дер кезінде бақылап отырыңыздар, бұл өз кезегінде жүргізушілерге кедергі келтірмеуі тиіс. Мерзімінде тиісті жұмыстар атқарылмау себебінен түрлі жол апаттары орын алуы мүмкін. Соңғы 5 жыл көлемінде тіркелген мал соғу деректері де аз емес. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің Қызылорда - Ақтөбе бағытындағы жолды екі жолақтыдан төрт жолақтыға ауыстыру жобасына Сапақ елді мекенінің тұсындағы автокөлік жолы астынан мал өткелін салуды қарастыру керек. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін мұндай шешім аса маңызды», - деп, аталған мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан басшысы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, қала, кент және ауылдық округтер бойынша жолаушылар тасымалына арналған қоғамдық көліктердің қатынасын реттеу қажеттігін айтты. Бұдан өзге, Арал қаласындағы орталық көшелердегі жол белгілерін жаңалау немесе қайта қалпына келтіру және автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды жүктеді.
Мұнан соң, мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрмұхамет Бохаев хабарлап, 2023 жыл мен биылғы жыл басынан бері азаматтар тарапынан түскен өтініштер бойынша орын алған заңсыздықтар мен кемшіліктерге тоқталып өтті.
«Орындаушылық тәртіп мәселесіне байланысты мекеме басшылары өз ісіне деген жауапкершілікті терең сезініп, сеніп тапсырылған саладағы орындаушылық тәртіпті қатаң сақтау керек еді. Алайда, жіберілген кемшіліктердің нәтижесімен заңнама талаптары мен нормаларының сақталмау фактілерінің тіркелгендігін көріп отырмыз. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер саны жылма-жыл артып келеді. Алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтар анықталған жағдайда бірінші басшылардың тәртіптік жауапкершілігі қаралатын болады», - деді, аудан әкімі.
Жиын нәтижесімен, аудан әкімінің сала бойынша орынбасарлары, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы қаралуын ұдайы қадағалап, қамтамасыз етуді және мәжілісте қаралған мәселерді шешу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

Фото: Арал ауданы әкімдігі 
21 ақпан 2024 ж. 249 0