Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКІМДІК ЖӘНЕ АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ӘКІМДІК ЖӘНЕ АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында әкімдік және аппарат жиыны өтті. Жиын барысында аудан басшысы ең алдымен әкімдік мәжілісінде қаралатын төрт мәселеге тоқталды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2020 жылғы аудан әкімінің тұрғындармен өткен есепті кездесуінде түскен ұсыныс-пікірлердің орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев хабарлама жасап, ағымдағы жылдың 15 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында өткен аудан әкімінің есепті кездесуінде аудан тұрғындары тарапынан 94 мәселе көтерілгендігін атап өтті. Қазіргі таңда көтерілген мәселелердің 42-і оңтайлы шешімін тапса, 26-сы орындалу үстінде. Ал қалған мәселелер бекітілген іс-шаралар жоспарына сай қаралу үстінде. Алдағы уақытта белгіленген мерзімге сәйкес шешімін тапқан мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау көзделіп отыр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Рашев сөз алып, ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады. Одан әрі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Р.Бисембаев және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Н.Ембергенова аудандағы кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы баяндап, кәсіпкерлік бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты саралап өтті.
Соңғы мәселе, яғни, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша индикативті көрсеткіштірдің орындалуы турасында аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ш.Есжанов баяндап берді. Өзекті мәселелер қаралған жиын қорытындысымен тиісті қаулылар қабылданып, тапсырмалар жүктелді.
Алқалы жиын одан әрі аппарат мәжілісіне ұласып, күн тәртібінде маңызды деген екі мәселе кеңінен талқыланды. Аппарат мәжілісінің күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе салық түсімдерінің орындалуы жайлы Арал ауданы бойынша кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Ағыбаев хабарлама жасап, жалпы аудан бойынша салық түсімдері бойынша оң динамика қалыптасқандығын атап өтті.
Аппарат мәжілісінің қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, аталған тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің орынбасарларына жүктелді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
15 қазан 2020 ж. 707 0