Қазақстан оқушылары математикадан әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енді
Қазақстанның ұлттық құрамасы мектеп оқушылары арасындағы ең беделді халықаралық зияткерлік жарыстардың бірі – 67-ші Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) жоғары нәтиже көрсетті. 117 елдің оқушылары қатысқан дода қорытындысында Қазақстан бейресми командалық есепте 22-орынға тұрақтап, әлемнің үздік 25 құрамасының қатарына енді.
Ұлттық құраманың алты мүшесінің барлығы жүлдегер атанып, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Бұл жетістік Қазақстан оқушылары үшін халықаралық олимпиадалардағы табысты шілде айының жарқын қорытындысы болды. Бір ай ішінде қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика және экономика пәндері бойынша өткен халықаралық олимпиадаларда 24 медаль жеңіп алды. Ең бастысы – аталған бес олимпиадада ел намысын қорғаған барлық қатысушы жүлдемен оралды.
Физикадан өткен 56-шы Халықаралық олимпиадада (IPhO) Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет команданың барлық бес мүшесі алтын медаль иеленді. Нәтижесінде ұлттық құрама бейресми командалық есепте 1-орынды бөлісті.
Химиядан өткен 58-ші Халықаралық олимпиадада (IChO) қазақстандық төрт оқушының барлығы жүлдегер атанып, бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды. Команда бейресми есепте 10-орынға тұрақтады.
Биологиядан 37-ші Халықаралық олимпиадада (IBO) ұлттық құраманың барлық мүшесі жүлдеге ие болып, үш күміс және бір қола медаль еншіледі. Осылайша Қазақстан 1996 жылғы ең үздік нәтижесін қайталап, бейресми есепте 18-орынға көтерілді.
Ал Қытайда өткен Халықаралық экономика олимпиадасында (IEO) қазақстандық оқушылар бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, үздік ондыққа еніп, 10-орынды иеленді. Сонымен қатар, Мұхтархан Батырхан осы олимпиаданың алтын медалін екінші рет жеңіп алды.
Жалпы, шілде айындағы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы Қазақстанның әлемдегі жетекші зияткерлік құрамалардың қатарындағы орнын нығайта түскенін көрсетті. Алдағы тамыз айында ұлттық құрамалар информатика (IOI), география (IGeO) және лингвистика (IOL) бойынша халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғайды.
Ақпарат көзі: baq.kz
Фото: Оқу-ағарту министрлігі











