Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың өнеркәсібі өркендеп келеді

Аралдың өнеркәсібі өркендеп келеді

Экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын өнеркәсіп саласында Арал ауданында оң өзгерістер мен нақты нәтижелер қалыптасып келеді. Мемлекет басшысының өндірісті әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аудан көлемінде жүйелі жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлікке тың серпін берілуде. Биылғы жылдың қорытындысы да аудан өнеркәсібінің даму қарқынының жоғары екенін көрсетіп отыр.
Жыл басынан бері ауданның өнеркәсіп өндірісінің көлемі 18,7 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемінің тұрақты өсімін байқатып, аудан экономикасының нығайып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі және баламалы энергия көздерін дамыту бағытында қолға алынған жобалар өндірістің әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Индустриялық-инновациялық даму бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде биыл жалпы құны 5,8 миллиард теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Оның екеуі өткен аптада салтанатты түрде іске қосылып, ауданның өндірістік әлеуетіне жаңа серпін қосты.
Соның бірі – «Qazaq Camel» ЖШС жүзеге асырған «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты». Құны 3 миллиард теңгені құрайтын бұл кәсіпорын – еліміздегі түйе шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірегей жобалардың бірі. Зауытта өндірілетін құрғақ түйе сүті ұзақ уақыт сақтауға қолайлы әрі экспорттық әлеуеті жоғары өнім саналады. Бұл жоба ауданның дәстүрлі түйе шаруашылығына тың серпін беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Екінші маңызды жоба – «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру» өндірісі. 1,8 миллиард теңге инвестиция тартылған кәсіпорында заманауи технологиялардың көмегімен сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығарылатын болады. Арал өңірінің табиғи байлығы саналатын ас тұзын терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру – өңір экономикасы үшін маңызды қадам.
Өнеркәсіп саласындағы тағы бір маңызды инвестициялық жоба – «Эко Энерджи Плюс» ЖШС қолға алған автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешеннің құрылысы. Құны 1 миллиард теңгені құрайтын жоба пайдалануға берілген кезде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұндай кешен жол бойындағы сервистің сапасын арттырып қана қоймай, ауданның көлік-логистикалық әлеуетін де күшейте түседі.
Ауданда инвестициялық белсенділік мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің Арал қаласында мотоцикл құрастыру зауыты. Жоба құны 1 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Зауыт іске қосылғаннан кейін 15 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жоба аудан тарихындағы машина жасау саласындағы алғашқы өндірістердің бірі болмақ.
Сондай-ақ аталған серіктестік жүзеге асырып жатқан балық шаруашылығын ұйымдастыру жобасы да ерекше маңызға ие. Құны 685 миллион теңге болатын жобаның нәтижесінде 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Балық шаруашылығын дамыту Арал өңірінің ежелгі кәсібін жаңғыртып қана қоймай, өңірдің экспорттық әлеуетін де арттыруға ықпал етеді.
Жасыл энергетиканы дамыту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынуда. «Альхена» ЖШС жүзеге асыратын 30 мегаваттық күн электр станциясының құрылысына 8,2 миллиард теңге инвестиция бағытталмақ. Жоба іске қосылғанда 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл станция ауданның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Алаш Метан» ЖШС Арал қаласының маңынан автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясын салуды жоспарлап отыр. 600 миллион теңгелік жоба нәтижесінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Экологиялық бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Хан Батыр» ЖШС-нің тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны. Құны 94 миллион теңге болатын бұл өндіріс орны іске қосылғаннан кейін 10 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосады.
Жалпы алғанда, ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың басым бөлігі жергілікті шикізатты тиімді игеруге, өндірісті әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, бюджет кірісінің өсуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына және кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізеді.
Өнеркәсіп саласындағы бүгінгі қарқын – ауданның ертеңгі тұрақты дамуының кепілі. Инвестициялық жобалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы жаңа өндірістердің бой көтеруіне, өнім көлемінің артуына және Арал өңірінің өндірістік әлеуетінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатыны сөзсіз.
Н. БАҚЫРАН
04 тамыз 2026 ж. 12 0