Маңызды магистраль – Аралдың тың тынысы
Кейде бір ғана жолдың салынуы тұтас өңірдің тағдырын өзгертіп жатады. Жол – тек асфальт пен қиыршық тас емес. Ол – халықтың үміті, экономиканың өзегі, өркениетке бастар күретамыр. Сондықтан қазақ «Жол бар жерде тіршілік бар» деп бекер айтпаған.Апта басында Сексеуілде бастау алған тарихи жоба – «Бейнеу – Сексеуіл» және «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысы Арал өңірі үшін жаңа дәуірдің басталғанын аңғартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолдардың Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көлік дәлізіне айналатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, жаңа бағыт арқылы Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк жеткізу мерзімі бірнеше тәулікке қысқарып, еліміздің логистикалық мүмкіндігі айтарлықтай артады. Бұл – республикалық деңгейдегі стратегиялық жоба. Бірақ оның нақты игілігін ең алдымен осы өңірдің тұрғындары сезінеді.
Арал ауданы үшін бұл магистральдың маңызы ерекше. Себебі ауданның шалғай ауылдары ондаған жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Әсіресе Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман сияқты елді мекендердің тұрғындары қысқы боранда, көктемгі батпақта қатынастың қиындығын бастан өткеріп жүрді. Жаңадан салынатын сапалы жол олардың аудан орталығымен ғана емес, еліміздің басқа өңірлерімен байланысын әлдеқайда жеңілдетеді.
Жол – ең алдымен халықтың тұрмысын жақсартады. Бұрын бірнеше сағатқа созылған ауыр сапар қауіпсіз әрі қолайлы болады. Бұл дәрігерлік қызметтің қолжетімділігін арттырып, білім алу, кәсіпкерлікпен айналысу, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау ісін жеңілдетеді. Ең бастысы – шалғайдағы ауыл тұрғындары өзін елден оқшау сезінбейді.
Алайда жаңа жолдың игілігі мұнымен ғана шектелмейді. Бұл магистраль Арал өңірінің туристік әлеуетін бұрынғыдан да арттыра түседі.
Соңғы жылдары ішкі туризмге қызығушылық айтарлықтай өсті. Қазақстандықтар тарихи орындарды аралап, табиғи ерекшелігі бар аймақтарға жиі саяхаттай бастады. Осындай бағыттардың бірі – Арал өңірі. теңіз тағдыры, Барсакелмес қорығы, балықшылар мәдениеті, ежелгі қоныстар мен тарихи мекендер туристердің қызығушылығын жылдан-жылға күшейтіп келеді. Ал сапалы жол осы мүмкіндіктерді толық пайдалануға жол ашады.
Әсіресе Ақеспе ауылындағы табиғи ыстық су көзіне жету әлдеқайда жеңілдейді.
Ақеспедегі бұл минералды ыстық су өзінің шипалы қасиетімен танымал. Мамандар мұндай минералды сулардың құрамындағы табиғи элементтердің буын аурулары, ревматизм, омыртқа сырқаттары, жүйке жүйесінің кейбір аурулары, тері аурулары мен қан айналымының жақсаруына оң әсер ететінін айтады. Мұндай табиғи емдік орындардың Қазақстанда саны көп емес.
Бүгінде көптеген адамдар шипалы су іздеп өзге облыстарға немесе шетелдік курорттарға барады. Ал Арал өңіріндегі осындай табиғи байлықтың әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Жолдың жақсаруы Ақеспені өңірлік сауықтыру туризмінің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Болашақта мұнда демалыс орындары, шағын қонақ үйлер, емдік-сауықтыру кешендері салынса, бұл аудан экономикасына да серпін береді.
Жаңа жолдың тағы бір тарихи маңызы – қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеге келген Беларан ауылына барудың жеңілдеуі.
Беларан – қазақ әдебиетінің ғана емес, Арал өңірінің рухани картасындағы қасиетті мекендердің бірі. Осы ауылда дүниеге келген Әбдіжәміл Нұрпейісов өзінің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді әлемге танылған шығармалары арқылы Арал теңізі өңірінің тынысын, балықшы халықтың тағдырын бүкіл дүниежүзіне танытты. Оның туындылары ондаған тілге аударылып, қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.
Бүгінде жазушының туған жеріне арнайы барып, тарихи мекенді көруді қалайтын оқырмандар мен әдебиетсүйер қауым аз емес. Бірақ жолдың қиындығы бұл бағыттың дамуына кедергі болып келді. Енді жаңа магистраль Беларанға сапар шегуді әлдеқайда қолжетімді етеді. Бұл әдеби туризмнің дамуына, жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік береді.
Жол салынған жерде кәсіп дамиды. Магистраль бойында жанармай құю бекеттері, техникалық қызмет көрсету орындары, қонақ үйлер, дәмханалар мен демалыс аймақтары көбейеді. Жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, шағын және орта бизнеске тың серпін беріледі. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік.
Арал өңірінің балық шаруашылығы, мал шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары үшін де жаңа жолдың тиімділігі зор. Өнімді облыс орталығына немесе басқа өңірлерге жеткізу жеңілдейді. Логистикалық шығын азайып, кәсіпкерлердің мүмкіндігі кеңейеді.
Бұл жобаның тағы бір маңызды тұсы – Сексеуіл кентінің көлік-логистикалық маңызын күшейтуі. Кезінде тоғыз жолдың торабы атанған теміржолшылар мекені енді автомобиль қатынасының да маңызды орталығына айналмақ. Мұның өзі жаңа өндірістердің, сервистік қызметтердің дамуына жол ашады.
Қазақ «жол азабын жүрген біледі» дейді. Бұл сөздің мәнін Арал жұрты жақсы түсінеді. Сондықтан басталған құрылыс – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, халықтың көптен күткен арманының орындала бастауы.
Ел экономикасына серпін беретін, шалғай ауылдардың тынысын ашатын, туризмнің көкжиегін кеңейтетін, тарихи мекендерге апарар жолды жақсартатын бұл магистраль Аралдың болашағына салынған инвестиция деуге толық негіз бар.
Ендігі міндет – құрылыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы. Сонда ғана Ақеспенің шипалы суына ағылатын туристердің қатары көбейіп, Беларанға баратын әдеби сапарлар жанданып, Құланды, Ақбасты, Қосаман секілді ауылдардың тұрғындары өркениетті жолдың игілігін көреді.
Жол – үміттің бастауы. Ал бүгін басталған осы маңызды магистраль Арал өңірінің жаңа тынысын ашатын, елдің ертеңіне қызмет ететін тарихи жол боларына сенім мол.
Оңталап ЖОЛДАСОВ










