Көлік дәлізі – мүмкіндіктер бастауы
Ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – сапалы жол. Өйткені жол тек екі нүктені жалғайтын қатынас құралы емес, ол экономиканың күретамыры, өңірлердің өркендеуіне жол ашатын маңызды инфрақұрылым.Күні кеше еліміз үшін маңызды жаңалық болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірнеше ірі жол жобасының құрылысы басталды. Соның ішінде бізді ерекше қуантқаны – «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа автожолының салынуы.
Президент бұл жолдың ел үшін де, жүк тасымалы үшін де маңызы зор екенін айтты. Біз үшін ең бастысы осы жолдың салынуы өңіріміздің дамуына серпін беріп, шалғай ауылдардың қатынасын жеңілдетеді деген үміт. Сондықтан бұл жоба біздің аудан үшін де үлкен жаңалық деп ойлаймын.
Осы ауқымды бастаманың негізгі тораптарының бірі – Сексеуіл кенті. Бірнеше бағыттың дәл осы жерде түйісуі Сексеуілді шын мәнінде тоғыз жолдың торабына айналдырмақ. Бұл тек кенттің ғана емес, тұтас Арал өңірінің дамуына серпін беретін тарихи мүмкіндік.
Алайда бұл жобаның мәні халықаралық тасымалмен ғана өлшенбейді. Оның игілігін ең алдымен осы өңірдегі қарапайым халық сезінеді.
Мен аудан орталығынан 270 қашықтықта орналасқан Құланды ауылының тұрғынымын. Біз үшін жол мәселесі жылдар бойы шешімін күткен түйткіл болып келді. Көктемгі батпақ, қысқы боран мен қар аудан орталығымен қатынасты жиі қиындатады. Кейде қарапайым шаруаның өзін атқару үшін жолдың ашылуын күтуге тура келеді. Мұндай қиындықтарды шалғай ауылдың әрбір тұрғыны жақсы біледі деп ойлаймын.
«Жол – тіршіліктің күретамыры» деген сөздің мәнін шалғай орналасқан ауыл тұрғындары ерекше түсінеді. Себебі жақсы жол уақыттың үнемі, қауіпсіз қатынас, сапалы қызметке қолжетімділік, жаңа жұмыс орындары, инвестиция мен дамудың кепілі.
«Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы басталғаны туралы жаңалық бізге ерекше үміт сыйлады. Жаңа жол ауылымыздың тұсынан өткелі тұр. Бұл жол біздің ғана емес, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман секілді елді мекендердің де тыныс-тіршілігін жеңілдетер еді. Аудан орталығына қатынау оңайлап, тұрғындардың күнделікті өміріне үлкен қолайлылық әкелетіні анық.
Президент айтқандай, көпір мен жол салу игілігі көпке ортақ сауапты іс. Ендеше, бүгін басталған бұл тарихи жобаның игілігін біз де көріп, ауылдарымыздың еңсесі көтерілетін күн алыс емес деп сенеміз.
Бұл жол – біздің өңір үшін жаңа бағыт қана емес, жаңа дәуірдің бастауы.
Сағидулла Дәулетов,
Беларан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы










