Арал ауданында ауқымды жобалар жүзеге асуда
Арал ауданының ғана емес, тұтас өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын аса ірі жобалардың бірі – «Бейнеу–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы Жолдауында Аралға қатысты екі маңызды мәселені атап өткен болатын. Оның бірі – Кіші Арал теңізін сақтап қалу, екіншісі – «Сексеуіл–Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын жеделдету. Жуырда ғана құрылысы басталған аталған автожолдың аудан үшін маңызы айрықша. Жаңа автомобиль жолының жалпы ұзындығы 559 шақырымды құрайды. Оның 189 шақырымы Қызылорда облысының аумағына тиесілі.
Бұл жолдың маңызы оның ұзындығымен немесе қаржылық көлемімен ғана өлшенбейді. Жоба еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі.
Жоба толық жүзеге асқанда, қолданыстағы ТРАСЕКА – Еуропа–Кавказ–Азия көлік дәлізі бағытын 900 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қытай Халық Республикасынан Ақтауға дейінгі жүктерді жеткізу мерзімі 2 тәулікке дейін қысқарады. Бұл – халықаралық жүк тасымалы үшін үлкен мүмкіндік.
Аталған бағыт Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізіне жақын, экономикалық тұрғыдан тиімді орналасқан. Мұндай көлік дәліздерінің қалыптасуы теміржол мен автомобиль жолдары бойындағы елді мекендердің экономикалық белсенділігін арттыруға, жаңа өндіріс пен қызмет көрсету орындарының пайда болуына жол ашуы мүмкін. Яғни «Бейнеу–Сексеуіл» автожолы Арал үшін тек жол емес, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге бастайтын күретамыр болмақ.
Арал ауданының ерекшелігі – елді мекендерінің аумақ бойынша кең орналасуында. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға қатынас мәселесі тұрғындар үшін әрдайым өзекті.
Осы тұрғыдан алғанда «Бейнеу–Сексеуіл» автожолының тағы бір маңызды қыры бар.Жоба жүзеге асқан кезде Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Беларан елді мекендеріне қатынайтын автожол мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік туады.
Бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығымен байланысын жақсартып қана қоймай, білім беру, медицина, сауда-саттық және басқа да әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттырады.
Жол – елді мекендерді байланыстыратын ғана емес, адамдардың мүмкіндігін кеңейтетін инфрақұрылым.
Сондықтан шалғай ауылдардың жол мәселесінің шешілуі – ауданның біртұтас әлеуметтік-экономикалық кеңістігін қалыптастырудағы маңызды қадам.
Жол сапасы – ел дамуының көрсеткіші
Аудандағы көлік инфрақұрылымын дамыту тек ірі магистральдық жобамен шектелмейді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және елді мекен ішіндегі көшелерді абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы басталған жұмыстарды жалғастыру және жаңа жобаларды қолға алу үшін тиісті салалық басқармалар мен министрліктерге жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 35 жоба әзірленіп, ұсынылды.
Бұл – ауданның жол мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған ауқымды жұмыс. Оның нақты нәтижелерінің бірі – жалпы ұзындығы 62,6 шақырым болатын аудандық маңызы бар «Арал–Жалаңаш» автомобиль жолының 26 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Қазіргі таңда автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жолдың сапасының жақсаруы ауылдық елді мекендер мен аудан орталығы арасындағы байланысты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасайды.
Жол сапасының жақсаруы әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, жолаушылар қатынасы және әлеуметтік нысандарға қолжетімділік үшін маңызды.
Арал қаласының көшелері жаңаруда
Қаланың ішкі жолдарын ретке келтіру де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылы басталған жұмыстардың жалғасы ретінде Арал қаласындағы К. Өтенов, М. Мәметова, Т. Бөріқұлақов, А. Төлегенұлы, М. Дулатов, К. Сәрсенбаев және Қ. Сәтбаев көшелерінің автомобиль жолдарын салу жұмыстары жүргізілді.
Жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын 7 көшенің автомобиль жолдарының құрылысына 2026 жылы республикалық бюджеттен 86,4 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде аталған жеті көшенің жолдарына асфальт жабындысы толық төселіп, сондай-ақ түнгі жарықтандыру шамдары орнатылды.
Бұл жұмыстар қала көшелерінің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасайды. Әсіресе түнгі жарықтандырудың орнатылуы жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қауіпсіздікті арттыратын маңызды қадам.
Инфрақұрылым – елді мекеннің ертеңіне салынған инвестиция
Газ, кәріз және жол – бір-бірінен бөлек қаралатын мәселелер болғанымен, түптеп келгенде олардың барлығы бір мақсатқа – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және елді мекендердің тұрақты дамуына бағытталған.
Бүгінде Қамыстыбасқа көгілдір отын жетті. Алдағы уақытта газбен қамтылатын елді мекендердің саны арта түспек. Арал қаласында кәріз желілерінің құрылысы жалғасып жатыр. Жергілікті маңызы бар жолдар жөнделуде. Қала көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандыру шамдары орнатылуда.
Ал келешекте «Бейнеу–Сексеуіл» секілді стратегиялық маңызы бар ірі көлік жобасының жүзеге асуы ауданның логистикалық мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Осының бәрі – ауданның бүгінгі ғана емес, ертеңгі дамуына бағытталған жұмыстар.
Инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі бір күнде көрінбеуі мүмкін. Алайда бүгін салынған газ құбыры, бүгін тартылған кәріз желісі, бүгін жөнделген жол – жылдар бойы халыққа қызмет ететін нысандар.
Сондықтан Арал ауданында қолға алынған бұл жобаларды тек құрылыс немесе жөндеу жұмыстары деп қарауға болмайды. Бұл – ауыл мен қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, шалғай елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыруға, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған кешенді даму жұмыстары.
Ауданның келешегі де осындай нақты жобалармен айқындалады. Көгілдір отынның көбеюі – тұрмысқа қолайлылық әкелсе, жаңа кәріз жүйесі – қаланың инженерлік әлеуетін арттырады. Жақсы жол – елді мекендерді жақындастырады. Ал халықаралық маңызы бар жаңа көлік дәлізі Аралдың экономикалық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Демек, бүгінгі инфрақұрылымдық жаңғыру – Аралдың ертеңгі тұрақты дамуының берік негізі.
Н. БАҚЫРАН











