Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз жолынан трассаға дейін

Теңіз жолынан трассаға дейін

«Жол бар жерде – тіршілік бар» дейді халқымыз. Адамзат өркениетінің дамуы жолмен өлшенсе, ел экономикасының тынысы көлік саласының қарқынымен бағаланады. Жүк пен жолаушыны діттеген жеріне жеткізіп, ел мен елді, қала мен даланы жалғап тұрған осы сала мамандарының еңбегі – күн сайын көзге көрінбегенімен, мемлекет өміріндегі ең маңызды қызметтердің бірі.
Көлік қызметкері – жай ғана көлік жүргізушісі емес. Ол – уақытпен жарысқан жауапкершіліктің иесі, қауіпсіздіктің сақшысы, халықтың сенімін арқалаған маман. Таң шапағы атпай жолға шығып, түн ортасына дейін қызмет ететін олардың маңдай тері ел игілігіне айналып келеді.
Бұл сөздің шынайылығын Арал өңірінің тарихынан анық көруге болады. Бір кездері алып айдынның жағасында қоныс тепкен Арал қаласы теңіз арқылы тіршілік тамырын соқтырған мекен еді. Балық тиеген кемелер, жүк тасымалдаған баржалар, жолаушыларды жеткізген теплоходтар теңіз толқынымен бірге өңірдің экономикалық қуатын арттырды. Арал порты мыңдаған адамның еңбек ордасына айналып, теңізшілердің даңқы алысқа тарады.
Теңіз тартылғанымен, теңізшілердің ерлігі мен көлік саласы мамандарының еңбегі халық жадынан өшкен жоқ. Бүгінде Солтүстік Арал теңізінің қайта жандануымен бірге өңірдің көлік инфрақұрылымы да жаңа тыныс ала бастады. Автомобиль жолдары жаңарып, теміржол қатынасы тұрақты жұмыс істеп, аудан тұрғындары мен кәсіпкерлерінің тіршілігіне серпін беруде.
Арал ауданы – еліміздің батысы мен оңтүстігін жалғайтын маңызды көлік дәліздерінің бірі. Аудан аумағы арқылы өтетін халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, Арал қаласындағы теміржол вокзалы да тәулігіне ондаған пойызға қызмет көрсетіп, мыңдаған жолаушының қауіпсіз сапарына жағдай жасауда.
Бұл жетістіктердің артында жол жөндеушілер, машинистер, теміржолшылар, жүргізушілер, диспетчерлер, механиктер мен инженерлердің тынымсыз еңбегі жатыр. Олар ауа райының аптап ыстығы мен қақаған аязына қарамастан өз міндетін адал атқарып келеді.
Қазақ «Жол азабы – көр азабы» дейді. Сондықтан жолдың жайын жасап, көліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген көлік саласының ардагерлері мен бүгінгі буын мамандары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуда.
Аралдықтардың өмірінде көліктің орны ерекше. Балық шаруашылығының өнімдері, құрылыс материалдары, кәсіпкерлік тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері – бәрі де көлік арқылы елдің түкпір-түкпіріне жеткізіледі. Бұл – аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз болатын маңызды сала.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын еліміздің экономикалық өсімінің басты бағыттарының бірі ретінде атап өткен болатын. Бұл – көлік саласы қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға әрі үлкен сенім.
Иә, аудандағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыратын жол сапасының қай деңгейде екенін таяуда ғана Өңірлік коммуникация қызметінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың алты айдың қорытындысына арналған баспасөз брифингінде берген мәліметінен аңғаруға болады.
– Автомобиль жолдары – аудан дамуының стратегиялық бағыты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында Арал өңіріне қатысты екі маңызды мәселені көтерді. Оның бірі – Кіші Арал теңізін сақтау болса, екіншісі – «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысын жеделдету болды. Жалпы құны 780 млрд 285 млн теңгені құрайтын бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, 2026 жылғы 8 қаңтарда №15-0005/26 мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру мәселесі тиісті министрліктер тарапынан қарастырылып, іске асыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Автожолдың жалпы ұзындығы 559 шақырымды құрайды, оның 189 шақырымы Арал ауданының аумағы арқылы өтеді. Жоба толық жүзеге асқанда қазіргі ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізінің бағыты 900 шақырымға дейін қысқарып, Қытай Халық Республикасынан Ақтауға дейінгі жүктерді жеткізу мерзімі екі тәулікке дейін қысқарады. Аталмыш бағыт Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізінің жанында экономикалық тұрғыдан ыңғайлы орналасқан, бұл өз кезегінде теміржол бойындағы елді мекендердің дамуына серпін береді. Сонымен бірге Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Беларан елді мекендерінің көлік қатынасы мәселесі түбегейлі шешімін тауып, жобаны толық аяқтау мерзімі 2029 жыл болып белгіленген, – десе аудандағы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс барын жеткізді.
Осы бағытта жалпы құны 26,2 млрд теңге болатын 35 жоба әзірленіп, салалық министрліктер мен басқармаларға ұсынылған. Нәтижесінде ұзындығы 62,6 шақырым болатын аудандық маңызы бар «Арал-Жалаңаш» автомобиль жолының 26 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар өткен жылы басталған Арал қаласындағы К.Өтенов, М.Мәметова, Т.Бөріқұлақов, А.Төлегенұлы, М.Дулатов, К.Сәрсенбаев және Қ.Сәтбаев көшелерінің автомобиль жолдары құрылысына 2026 жылы республикалық бюджеттен 86,4 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын жеті көшеге толықтай асфальт жабындысы төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылды. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге және елді мекендердің инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуға бағытталған.
Иә, бұл күн тек кәсіби мереке ғана емес, ел игілігі үшін маңдай терін төгіп жүрген жандарға көрсетілер құрметтің күні. Осы мерекеде көлік саласының ардагерлеріне алғыс айтып, бүгінде қызмет етіп жүрген барлық мамандарға зор денсаулық, отбастарына амандық, еңбектеріне табыс тілейміз.
Өйткені жол тоқтамайды. Жүк тоқтамайды. Тіршілік тоқтамайды. Ал сол тіршіліктің күретамырын үзбей, елдің дамуына қызмет етіп жүрген көлік қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 тамыз 2026 ж. 15 0